Оралдағы Қасым Аманжолов тұрған үй музейге айналады

Оралдықтар кезінде Қасым Аманжолов тұрған үйді музейге айналдырмақ. Биыл қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дарынды ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл! Оның туған жері Қарағанды облысының Қарқара өңірі болғанымен, жалынды жастық шағы Жайықтың бойында, осы Орал қаласында өткен.

Тек өмірі мен шығармашылығы әлі күнге зерттеліп жатқан ақынның мұражайы дәл қай қай үйде болу керек деген мәселе бар. Өйткені, қасымтанушы қауым дауылпаз ақынның өміріне қатысты тың мәліметтер табылғанын айтады.

Карев көшесіндегі бұл үйдің іргетасы бұдан 120 жыл бұрын қаланыпты. Қасым Аманжолов өткен ғасырдың отызыншы жылдары осы үйді жалдап тұрған екен. Қос ғасырдың куәсі демесең, көне ғимарат күні бүгінге дейін жақсы сақталған.

Ақынның «Терезе алды – жас терек, Тұр екен кімдер сүйеніп?» деп келетін жыр шумақтары дәл осы бөлмеде отырған шабытты шақта дүниеге келді ме, кім білсін? Ал үйдің қазіргі иесі Рауза Иманова баспанасының ақын мұражайына айналуына қарсы емеспін дейді.

Рауза Иманова, қала тұрғыны:

–  Осы үйді музейге айналдырамыз деп әкімдік сұрап тұр, менің оған қарсылығым жоқ. Мен үшін де ол өте жақсы.  Халқымыздың киелі ақыны тұрған. Қуаныштымын. Мен осы ауданнан осындай жер үй сұрап тұрмын. Өзім үйреніп қалдым осы жерге, тіпті шыны керек, қимаймын да беруге. Бірақ үкімет сұрап тұрған соң жақсы нәрсені қалай бермейсің?

Сайран Дүйсенов, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы:

– Қасым Аманжоловтың тұрған үйін музейге айналдыру жөнінде көптеген зиялы қауым өкілдерінің, соның ішінде Қарағандыдағы зиялы өкілдерінің, сонымен қатар біздің ақын-жазушылардың ұсынысы, Жазушылар Одағы филиалының, Бауыржан Халиолланың ұсыныстары болды. Облыс әкімі бұл ұсынысты құптады, мәдениет басқармасы қала әкімімен бірлесіп осы үйді алу жөнінде жұмыстар жүргізуде. Тарихи мекен мемлекет есебіне алынып, музейге айналса, нұр үстіне нұр болар еді,-дейді оралдықтар.

Дегенмен кейін табылған деректер Қасым Аманжоловтың оралда өткізген 5 жылында тек сол үйде ғана тұрмағанын айғақтайды. Жұртшылыққа жан-жақты өнерімен танылған ол 1931 жылы Оралға келіп газет пен театрда қызмет істеген. Сол бір кезең ақын өміріндегі ең бір қызық та қымбат шақтар болғанына жыр шумақтары куә. Белгілі жазушы Амангелді Шахин өзінің Қарағандылық қасымтанушы әріптесі Марат Азбанбаевпен бірлесіп, ақын өміріне қатысты біраз тың дүниелерді жарыққа шығарғанын айтады.

Амангелді Шахин, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

– Қасым Оралға келген бетте «Екпінді құрылыс» газетінде жұмыс жасаған. Сосын кейінгі деректер бойынша алғашқы келгенде сол редакцияда әрі жұмыс істеп, әрі редакцияның ішіндегі бір бөлмені жалдап тұрды деген дерек бар. Дәл осы ғимаратта. Міне, ол жұмыс істеген кезде досы, Орал педагогикалық институтын бітірген Абдолла Жұмағалиев Қасымға келіп тұрған. Кейін Абдолла да қызметтес болған. Соңғы жылдарда тарих айқындалып, бұл үйге екі арысқа арналып тақта орнатылды.

Бұл көне ғимарат үш ғасырдың куәсі! Талай тарихи оқиғаның куәгері екеніне қабырғасына қағылған мына тақталар куә. Әр кірпіші сыр шертіп тұрған нысан 19 ғасырдың сәулет ескерткіші ретінде мемлекет тарапынан қорғауға алынған. «Ақиық ақынның Карев көшесінде тұрған үйі де музей ақ болсын. Бірақ талай таланттың табаны тиген шаһардағы бас даңғылда Қасым мен Абдолланың да еңселі музейі тұруы тиіс», – дейді қоғам қайраткерлері.

– Амангелді аға, Қасым Аманжоловтың тұрған үйі деп жатырмыз, оның тұрған үйін музейге айналдырамыз деп жатырмыз. Сіздің нақты ұсынысыңыз қандай?

Амангелді Шахин, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

– Осы көшенің өзі тұнып тұрған тарих. Орыс халқының ұлылары, Пушкин бар, Даль, Толстой бар, осы көшеде бәрі тоқтаған ғой. Біздің Қасым Аманжолов та осы бас көшеде тұрған ғой. Лайықты, солармен терезесі тең талант емес пе? Осы ғимаратты Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевке арналған музей болсын деп есептеймін.

Оралдағы орталық көшелердің біріне биыл туғанына 110 жыл толатын Қасым Аманжолов есімі берілген. Енді музей үйін жасақтау мәселесі де тездетіп оң шешімін тапса, дауылпаз ақын шығармашылығын дәріптеуге қосылған зор үлес болар еді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов