БҚО-да жол жаңарту жоспары 85% орындалды

Батыс Қазақстан облысында биыл 311 шақырым автокөлік жолын қайта жаңғырту көзделген. Соның 85 проценті орындалды. Әсіресе «Барбастау-Ақжайық-Индер», «Чапай Жаңақала Сайхын» және «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» жолын жаңғырту секілді 3 жобаның әлеуметтік маңызы зор. Қазір аймақтағы жолдардың тек 34 проценті ғана жарамды болса, 2025 жылға дейін оның көлемін 95 процентке жеткізу жоспары бар.  

«Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолының Жайықтың сол жағалауындағы елді мекендер үшін әлеуметтік маңызы зор. Трасса іске қосылған кезде 3 мыңдай тұрғыны бар 8 ауыл үшін өзекті мәселе толық шешімін табады. Қазір құрылыс жұмыстары Шағатай ауылының тұсында жүргізіліп жатыр. 

Сатқан Мұқашев, Шағатай ауылының тұрғыны:

- Шалғай ауыл едік, әсіресе бізді қинайтыны осы тас жол еді. Көктем, күз, қыс уақытында далада қалып үлкен қиыншылықтар көрдік. Бұл проблема да шешіліп жатыр. Ауылымыздан уақытша болса да 30-40 шақты жұмысшыны жұмыспен қамтамасыз етті. 

Оразбек Құсайынов, Шағатай ауылдық округінің әкімі:

- Тас жол деген халықтың арманы көптен күткен. Сол биыл іске асып жатыр, халық дән риза. Әрине жолдың мағынасы өте зор. Халыққа үлкен әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық тұрғыда серпіліс береді деген ойдамыз.  

Жөнделуі тиіс жолдың жалпы ұзындығы 50 шақырым. Қазір соның 13 шақырымына асфальт жабыны төселді. Құрылысқа негізінен Ақжайық пен Шағатай ауылының тұрғындары тартылған. Вахталық қалашықта олар үшін барлық жағдай бар. Бастысы, жол сапасы үнемі бақылауда.     

Дәурен Әміров, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК БҚО филиалының инженері:

- Біздің учаске тұрғанымыз «Барбастау-Ақжайық-Индер» 43-93 км. Бұл қайта жаңғырту болып табылады. Жүзге жуық құрылыс материалы алынып, сараптама жасалды. Соның ішінде 10 проценті стандартқа сай келмеген болды, оның барлығы да мердігерге және тапсырыс берушіге жолданған болатын. Бірақ қазіргі таңда аталған ақаулар жойылды. 

Аймақтағы 6 жарым мың шақырым болатын автокөлік жолының 5 мыңнан астамы облыстық маңызға ие. Өкінішке орай, соның тек үштен бір бөлігі ғана жарамды күйде. Соңғы 3 жылда облыста мың шақырымдай жол жөнделді. Құрылыс қарқынын үдету қолдан келер іс. Бірақ түйінді тұстар да баршылық. 

Бауыржан Айтмағамбетов,  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Облыс деңгейі бойынша биыл 11,2  миллиард бөлініп 3 реконструкция қайта жаңарту жобасы басталды. БҚО-дағы мәселенің бірі бұл қиыршық тастың біздің облыста болмауы. Бұл үлкен мәселе. Қазір барлық қиыршық тас щебень Ақтөбе облысынан әкелінеді, вагонмен тасымалданады. Ал битум Ақтау қаласынан келеді бізге. Сол себепті тасымалдауды ескере келе бізде жол құрылысы 120-150 миллионның айналасында келеді 1 шақырым жолдың құрылысы. 

Дегенмен, жоспарланған жұмыстар дер кезінде жүзеге асуы тиіс. Сондықтан таяу жылдары үнемді технологияны молынан енгізіп, жобалау сапасын арттыру маңызды міндет болмақ.    

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов