434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстанда тіркеусіз жүрген кейбір көлікке Ресейде іздеу жарияланған

  • 143
  • UPD: 21:55, 08.11.2021
Қазақстанда тіркеусіз жүрген кейбір көлікке Ресейде іздеу жарияланған

Қазақстанда ресейлік номер таққан 210 мыңдай көлік жүр. Оның 88 мыңы еш жерде тіркелмеген. Яғни автокөліктің Ресейдегі иесі темір тұлпарын сатқаннан кейін мемлекеттік тіркеуден шығарып тастаған.

Ал Қазақстандағы иесі темір тұлпарын рәсімдемеген. Заң бойынша еш жерде тіркелмеген көлікті жүргізуге тыйым салынады. Сондықтан жергілікті полиция қызметкерлері ешбір мемлекетте тіркелмеген көліктерді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, Ресейде тіркеуде бар, Қазақстанда жүру мерзімі өтпеген көліктердің қозғалысына кедергі жасалмайды. Десе де, кейбір көлікке Ресейде іздеу жарияланған.

Серік Түсіпов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- РФ Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстан аумағына шығарылған 606 көлікке іздеу жарияланған. Яғни бұл автокөліктердің қандай да бір қылмысқа қатысы бар. Біз осы көліктерді де іздестіріп жатырмыз. Қазір 200-ден астамы табылып, айып тұрағына жеткізілді. Алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің Ішкі істер министрлігімен ортақ база құрып, ол елде тіркелмеген көліктерді онлайн тексеретін жүйе жасаймыз. Сондықтан тұрғындарға автокөлікті тікелей иесінен алып, өз атына заңды түрде тіркеуге шақырамыз. Ал үшінші тұлғалардан сақтандыру полисі арқылы алған азаматтар кейін шығынға ұшырап қалуы мүмкін.

Бүгін елордада Ресей номерімен жүрген 100-ден астам автокөлік иесі әкімшілік полиция ғимаратының алдына жиналып, көлікті тіркеу ақысын арзандату туралы талап қойды. Немесе Армениядан әкелінген көліктер сынды уақытша тіркеуге мүмкіндік беруді сұрады. Қалалық әкімшілік полиция бастығы жиналғандарға құжаты дұрыс көліктердің қозғалысына шектеу болмайтынын түсіндіріп шығарып салды.

Хабар 24 телеарнасы