Ақтөбенің коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Ақтөбенің коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Ақтөбе облысында түннен бері ауа райы бұзылып, қар ұшқындап тұр. Болжам бойынша жауын-шашын әлі екі күнге жалғасады. Қазір коммуналдық мекемелер мен құтқару қызметі күшейтілген режимге көшті. Тек қаланың өзінде қысқа деп дайындалған 200-ге жуық техниканың жартысы бір күнде шығарылды. 

Коммуналдық мекемелердің арнайы техникасы қалада үздіксіз жұмыс істеуде. Себебі өткен түнде  жауған қардың қалыңдығы 20 мм жуықтаған. Ал таңнан бері желдің күшеюімен ұшқындап тұр. Ауа райының мұндай құбылысын күтпеген мердігер кәсіпорындар техникасынан өзге жұмысшыларын да шығарып аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолын тазартып жатыр. Ал көлігінің дөңгелектерін ауыстырып үлгермегендер арнайы орталықтар жанында ұзын-сонар кезекте  тұрды. Мұндай көріністі қаланың әр бөлігінен көруге болады.

- Өзіміз ғой кінәлі негізі. Алдын ала ертерек келу керек еді. Енді до конца жүрдік. Амал жоқ, тұрмыз енді осы бүгін. Күз бен көктемде ғой, сол кезде тағы да көбірек ашып қойса осындай шиномонтаждарды. Сол кезде жақсы болар еді.

Екі күн бұрын прогноз погоданы қарадық қой. Үлгермедік жұмыс болған соң. Енді бүгін келіп тұрмыз.

Қалада қар тазарту жұмысы көліктердің барлық түрі мен жаяулардың қозғалысы үшін қалыпты жағдай туғанша белсенді жүрігізіле бермек. Жалпы қыс кезінде облыс орталығындағы жол тазалығын қамту 10 компанияға жүктелген.

Айнат Қазмағамбетов, қалалық ТҮКШ бөлімі автомобиль жолдары секторының меңгерушісі:

- Оларда 190-нан астам арнайы техникалар жұмылдырылған. Сонымен қатар олар, қаланың 711 көшелерінде, қала аумағындағы 53 тұрғын-үй массивтерінде тәулік бойы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инерттік материалдар қазіргі күні мердігерлік мекемелерде 650 тонна тұз, 1650 тонна құм қамтамассыз етіліп тұр.

Ал республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда әлсін-әлсін кептеліс болып жатыр. Кейбір учаскелерде бұрқасын мен көктайғақ тұрған. Сондықтан жол бойында жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Қыс мезгіліне орай штаб жұмысын құрған төтенше жағдай департаментінің мамандары тұрғындарға аса мұқтаждық болмаса қала сыртына шықпауға кеңес беріп отыр.

Нұрбек Оралбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығының м.а.: 

- Қазіргі уақытта барлық әлеуметтік нысандар және тіршілік қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс атқаруда. Осы алдағы қысқы кезеңге облыс бойынша және аудандық бөлімшелер көлемінде де барлық шұғыл қызметтер, азаматтық қорғау қызметтері қысқы кезеңге дайындық актілері жасалып, бүкіл техникалар мен адамдар дайындығы тексеріліп, қазіргі кезде қысқы кезеңге барлығы дайын.

Төтенше жағдай қызметі бүгін кезекті оқу-жаттығуын бастап, қыс кезеңе тән оқыс оқиғалар кезінде атқаратын әзірліктерін пысықтады. Оған Ақтөбеден өзге аудандық деңгейдегі құрылымдар да қатысып жатыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев