СҚО-да «Елбасы ізімен» экскурсиясы өтті

СҚО-да «Елбасы ізімен» экскурсиясы өтті
inform.kz

Іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Тұңғыш Президент күні қарсаңына ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Экскурсия облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан басталды. Мұнда Елбасының ғибратты ғұмырына арналған зал бар. Бұл жерде жастар Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағынан бастап кемеліне келген шағына дейін қызықты ақпарат алды. Кейін «Елбасы ізімен» экскурсиясына қатысушылары Тұңғыш Президент паркіне барды, Абылай хан резиденциясы музей кешенін аралады. Назарбаев зияткерлік мектебінде, ботаникалық бақта және Достық үйінде болып, фотокөрмемен танысты.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында және Тұңғыш Президент күні қарсаңында мен сіздермен бірге егеменді еліміз тарихының беттерін парақтай отырып, Елбасының ізімен жүріп өтуге тамаша мүмкіндік алдым. Елбасы - заманауи Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, қазақстандық даму үлгісінің авторы, Тәуелсіздік сәулетшісі және жастарды рухтандыратын тұлға. Оның көп жылғы еңбегінің және сындарлы саясатының арқасында мүмкін болды», - деп атап өтті Ғани Нығыметов өз сөзінде.

Айта кетейік, іс-шараға СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары және өңірдің белсенді жастар қатысты.