БҚО-да соңғы екі жылда ішкі жолдарды жөндеуге бес миллиард теңге жұмсалған

Елімізде тәуелсіздік жылдары ауылдық жерлердің дамуына басым бағыт берілді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында автожолдардың сапасы едәуір жақсарды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазіргі таңда күре жолдармен қоса, біраз елді мекеннің кіреберісі мен көшелері тегістелді. Аудан орталығы Переметное ауылы қалаға жақын орналасқан. Сәйкесінше тұрғын үйлер саны жылдан жылға артып, көшелер көбейіп жатыр. Жүйткіген көліктерден де көз сүрінеді. Ал жолдың жайы бұрын адам шошырлық еді. Қазір көшелердің басым бөлігі тақтайдай тегістелген. Былтырдың өзінде 15 шақырым жол салынды.

Талғат Мұратбаев, Переметное ауылының тұрғыны:

– Жүргізушілерге жақсы болды. Себебі бұрын жыл сайын машинаның ходовкасын жөндейтін болсақ, қазір асфальт болғасын тазарып та қалды. Балшық та көп ондай жоқ. Кейбір көшелер кіруге ыңғайсыз. Былай жалпы жақсы енді.

Ауданға қарасты 68 елді мекен бар. Олардың біразы республикалық және облыстық маңызды трассалармен жалғасып жатыр. Ал кіреберіс жолдарға кейіннен көңіл бөліне бастады. Көлік қатынасы қиын Макаров, Зеленое ауылдарына бірер жыл бұрын асфальт төселді.

Төлеген Есенғазиев, Зеленое ауылының тұрғыны:

– Бұрын енді ауыл мен Переметное арасында жол жаман болды ғой. Тесік-тесік. Былтыр ма, бір-екі жыл болды енді жол салынды. Қазір жақсы. Оған ризамыз.

Кейінгі екі жылда аудандағы жолдарды жақсартуға республикалық бюджеттен бес млрд теңге жұмсалған.

Мұрат Залмұқанов, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары:

– Переметное-Шалғай деген 24 шақырым, соның былтыр 12 шақырымын істеп, биыл 12 шақырымы бітті. Белеске кіреберіс жол 8 шақырым істелсе, 9 шақырым Достық ауылына кіреберіс жолдар. 5 шақырым Дариянға істелді. 4,8 шақырым Мичуринге істелсе, 7,4 шақырым Асан ауылының ішкі жолдары күрделі жөндеуден өтті.

Ал келер жылы шалғайдағы үш елді мекенге асфальт төсеу жоспарланған. Жалпы ұзындығы 50 шақырым жолды жаңғырту бойынша жобалық сметалық құжаттар дайын.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов