Заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қолдаулар бар

Келер жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алмаған кәсіпорындар өтемақылы жарна төлеуге міндеттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал мүгедек балалары бар ата-аналар мемлекет есебінен шипажайларда тегін демалуы мүмкін. Бұл мәселелер заң жобасына енген. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні. Еліміздегі осы санаттағы азаматтар қаншалықты қолдауға ие екенін тілшілер зерттеп көрді.

Біржан Қожақов 2000 жылы жол полициясы болып қызмет ете жүріп, қыстың ішінде қос аяғынан айырылды. Қыстың қытымыр аязында үсіген екі аяғы да кесіледі. Бірақ жігерлі азамат мойымайды. Бастапқыда жиһаз, техника жөндеп, нанын табады. Кейін бұл іспен кәсіби түрде айналысады. Бүгінде қолынан келмейтіні жоқ. Білдей цехы бар.Өзі шебер. Жиһаздың түр-түрін жасайды.

Елде Біржан Қожақов сынды 702 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Соның ішінде 425 мыңы жұмысқа жарамды. Алайда тек 25 проценті ғана еңбекпен қамтылған. 

Сырым Нәси, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер саясатын  дамыту департаменті директорының орынбасары:

– Ең үлкен проблемалардың бірі осы мүгедек азаматтарды еңбекпен қамту. Бүгінгі заңнамаға сәйкес бізде әрбір кәсіпорын 2/ 4 процентке дейінгі квотаны орындауы керек. Яғни жұмыс орындарының 2/4 пайызында мүгедек азаматтар жұмысқа орналасуы керек. Бірақ бүгінгі таңда кәсіпорындардың 36%-і ғана осы квотаны орындап отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған талаптың орындалуын электронды түрде қадағаламақ. Ал келер жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алмаған кәсіпорындар өтемақылық жарна төлеуге де міндеттеледі. Тиісті заң 2022 жылы қабылданбақ. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні екенін айттық. Бізде бұл санаттағы адамдар жәрдемақы алады ғой. Ал сол жандарды бағып-қағып отырған азаматтар ше?

Сырым Нәси, ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер саясатын  дамыту департаменті директорының орынбасары:

– 2018 жылы елбасының тапсырмасына сәйкес 1 шілдеден бастап бала кезден бірінші топтағы мүгедектегі бар адамдарға күтім жасайтын жақындарына жәрдемақы тағайындалған болатын. Бірақ бұл бала күннен бастап. Ал биылғы жылы бірінші топтағы барлық мүгедектерді күтіп отырған азаматтарға жәрдемақы тағайындалды. Оның көлемі 48 мың теңге көлемінде болады.

Осы кезге дейін екі мыңға жуық азамат аталған жәрдемақыны алып келді. Енді қолдаудың аясы кеңейе түспек.

Айталық, қазір мүмкіндігі шектеулі балалар шипажайда тегін ем-дом қабылдайды. Ал келер жылдан бастап олардың ата-аналары да санаториде мемлекет есебінен демалуға мүмкіндік алмақ. Бұл да жаңа заң жобасына енген.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Талғат Серікқалиұлы, Жандос Битабаров