Елордада алдағы бес жылда 70 мектеп салынады   

Бұл туралы қала әкім Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қаладағы бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан үш есе артық. Мәселені шешу үшін бас қалада үлкен мектептер құрылысы қолға алынады.

Демография мен ішкі көші-қон нәтижесінде бас қаладағы бүлдіршіндер саны жыл сайын артып келеді. Он жыл бұрын бас қалада 74 мың оқушы болса, қазір олардың саны бұдан үш есе көбейіп, 215 мыңға дейін жетті. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Біз жыл сайын салынып жатқан мектептер санын көбейтіп жатырмыз. Бұрын жылына 5 мектеп бой көтерсе, қазір олардың саны 15-ке дейін өсті. Бұл  екі ауысыммен 40 мыңға жуық оқушы оқытуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта  осы қалыптан таймай, орта білім мекемелерінің құрылысын көбейтуге тырысамыз.

Алдағы бес жылда шаһарда 70 мектеп ашу жоспарланған. «Бұл үш ауысымдық білім беру мекемелерін азайтуға сеп болады», деді шаһар басшысы.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

– Біз жүзеге асыратын тағы бір жаңашылдық – бұл үлкен мектептердің құрылысы. Егер стандарт бойынша 1200 орындық мектеп салынса, қазір 2000 оқушыға есептелген нысандар салып жатырмыз. Бұл қала құрылысы тұрғысынан өте маңызды. Өйткені жерді бөлу керек. Қазір қала өте жинақы салынуда.

Мектеп – оқушылардың үйінің маңында, жақын жерде болу керек. Елорда әкімдігі осы мәселені де назарға алатынын ескертті.  Сондықтан білім беру мекемелерінің құрылысында бала саны көп және мектепке мұқтаж аудандарға басымдық беріледі.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Болат Абдулин