Елімізде «Қайырымды істер марафоны» мәресіне жетті

Халықтық сипат алған игі бастаманы үш миллион азамат қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бір жыл ішінде 15 мыңнан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 200 мыңнан астам адамға көмек берілді. Ал халқымыздың қанына сіңген қайырымдылық қасиетімен дараланған азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. «Қайырымды істер марафоны» бизнес пен мемлекетті жұрттың жағдайын жақсарту жолында біріктірді.  Марафонға еліміздің 1200-ден астам үкіметтік және 300-ден аса білім беру ұйымы үн қосты. Нәтижесінде қайырымдылыққа 6,2 млрд. теңге бағытталды. Елімізде волонтерлікті дамытудың үш жылдық жол картасы қабылданды. 

Петр КузьменкО, «Жыл тұлғасы» аталымының иегері:

– Пандемия кезінде біздің қожалық медицина ұйымдарына көмекке келді. Луганск ауылында 1400 адам тұрады. Ауру бізді айналып өтпеді. Сондықтан дәрігерлерге киім-кешек пен жасанды демалу аппараттарын сатып алдық. Сырқаттарды дәрі-дәрмекпен қамтыдық. Қайырымды істеріміз осымен шектелмейді.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын деген халқымыз. Ел Президенті «Қайырымды істер марафоны» аясында мұқтаждарға көмек қолын созып, айналасын жақсылыққа бөлеген жомарт жандарды ерекше атап өтті. Ол да болса, халқымыздың ежелден қайырлы іс жасауды ізгіліктің белгісіне балап, ішкі береке-бірлікті биік қойған даналығы.