Талдықорғанда журналистер арасында байқау жарияланып, үздіктер анықталды

Талдықорғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мақсатында журналистер арасында өткізілген байқау қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Нәтижесінде қоғам дерті жайлы мақала жазып, сюжет түсіріп, бағдарлама дайындаған үздіктер марапатталды. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ұйымдастырды.

Жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға тележурналист Мұрат Жұмабай бір кісідей үлес қосып келеді. Облыстық телеарнадағы «Жетісу – адалдық алаңы» бағдарламасының жүргізушісі хабарында атышулы оқиғаларға сарапшылармен бірге талдау жасайды. Оның алдын алу жайын да кеңінен талқылайды.

Мұрат Жұмабай, журналист:

– Негізгі көтерілетін мәселе біз қоғамда адалдық пан парасаттылықты насихаттауымыз керек. Екіншіден, осы аудан бойынша нақты болған фактілер бойынша әкім орынбасарлары, әкімдер түсіндірме берді. Яғни осындай бір жағдай тіркелген. Сыбайлас жемқорлық фактісімен ұсталған азаматтар бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, қандай шара қолданды деген сияқты. Сонымен қатар ауданның бюджеті қандай, қандай мақсатқа жұмсалып жатыр. Алдағы уақытта қандай жоспарлар бар. Ашық ақпараттар беріліп отырды.

Облыстық байқауға 50-ге жуық мақала, сюжеттер мен бейнероликтер ұсынылған. Арнайы құрылған комиссия журналистер көтерген мәселенің өзектілігіне қарай үздіктерін анықтап, авторларын алты аталым бойынша марапаттады.

Рахмет Есдәулетов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Басты мәселе бұл қоғамда саяси тұрғыдан оның сыртында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас таныту, санамызды сауықтыру мәселесі тұр. Әр журналистің я болмаса, бейне көрсетілім дайындағандардың туындысында осы мәселе кеңінен көрсетіліп отыр. Қуантатыны сол. Көптеген жастар өз ойын ортаға салды.

Байқау желтоқсанның тоғызында аталып өтетін халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылды. Шара енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов