Қостанай облысында әлем чемпиондары шыққан ауданға спорт кешені керек

Қостанай облысында әлем чемпиондары шыққан ауданға спорт кешені керек

Қостанай облысы Наурызым ауданында бокс пен күрес жақсы дамыған. Додаларда ауыл балалары топ жарып, мерейі үстем болып жүр. Жалпы ауданда қазақша және еркін күреспен 147 адам айналысады екен.

Шаршы алаңда ойнақ салып, жұдырықтасып жүрген талдырмаш қыз бала бірден көзімізге түсті. Сұрастырып білсек, есімі Мөлдір, сегізінші сынып оқушысы екен. Қол сілтесіне қарап, біраз тәжірибе жинақтаған бала ғой десек, бокс үйірмесіне күні кеше ғана келіпті.

Мөлдір Молдакәрімова, әуесқой боксшы:

– Боксқа осы биылдан бастап қатысып жүрмін. Ұлдармен бокстасып жүремін. Өз арамызда бокс болды. Сол кезде екінші орын алдым. Өзіме бокс қатты ұнайды.

Қарамеңді ауылындағы бокс үйірмесіне 90-ға жуық бала қатысады. Тілек білдіргендерді бірінші сыныптан бастап қабылдайды. Спорт жабдықтары, жол жүрістері бәрі тегін. Осы ауыл балаларының арасында облыстық, республикалық жарыстарда танылып үлгіргендері бар.

Қуанышбай Баймұхамбетов, бапкер:

– Үш Қазақстан чемпионы біздің осы залдан шыққан. Халықаралық туринилерді есептемей-ақ қояйық. Әр жаста әр түрлі ғой, Қазақстан Республикасының құрама командасының ішінде болды балалар. Мысалы, кіші жас бөлімінде Зейнолла Ердәулет деген баламыз Қазақстан құрама командасының мүшесі.

Ал мынау – Қарамеңдідегі күрес залы. Бұл жер де алысып-жұлысықан балалар, жастардан босамайды. Жалпы ауданда қазақша және еркін күреспен 147 адам айналысады екен. Әлем чемпиондары Нұржан Ермағамбетов, Ерлан Омаров, Айбек Байдилдинов – осы өңірдің түлектері.

Ерболат Жабағин, Наурызым аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

– Жалпылама аудан бойынша халықтың 52 пайызы спортпен айналысады. Негізі облыс бойынша жаңағы пайыздық құрамға келгенде алдыңғы орындарда жүрміз. Спорт ғимараттары жеткілікті. Бірақ еркін күрестен, бокстан облыстық, республикалық, жарыстарымыз болады. Сондай кезде бізге үлкен спорттық ғимарат керек.

Келер жылы аудан орталығында үлкен спорт кешені салынбақ. Оның жобалық сметалық құжаты дайын. Енді қаржылай қолдауды күтіп отыр.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг