Елбасы стратегиясы Қазақстанды дамудың даңғыл жолына бастады – Дәурен Абаев

Отыз жылда елдің Жалпы ішкі өнімі 17 есе артты. Бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму шараларының нәтижесі. Ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған халықаралық конференцияда сарапшылар мен саясаткерлер осылай деді. «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» тақырыбында өткен жиында 30 жылдықтың алдын ала қорытындысы шықты.

Халықаралық сарапшылар мен саясаткерлердің дәл бүгін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын қорытындылауы бекер емес. Себебі 1991 жылдың дәл осы 10-желтоқсанында қазақ кеңестік социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы заң қабылданды. Құжатқа сәйкес жаңадан құрылған мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. Сондықтан бұл айтулы күннің ел тарихында маңызы жоғары.

1991 жылдың ақ таңы атқанда еліміз қиын қыстау кезеңді бастан өткерді. 130 қазақстандық ірі кәсіпорындар істен шығып, салдарынан елде жұмыссыздық жайлады. 2 миллион адам екі қолға бір күрек таба алмай сандалды. Тығырықтан шығу үшін еліміз алдымен экономика содан кейін саясат деген қағиданы ұстанды. Бүгінгі жетістік – сол стратегиялық бағдардың жемісі.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Біз ЕҚЫҰ төрағалық еттік. Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болдық. Бүкіләлемге әйгілі Экспо көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме Елбасының ерең ерлігі мен парасатты шешімі мен жасампаз идеясымен дүниеге келген астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазірде елордамыз дүниежүзі елдерінің арасында ұлтаралық және дінаралық татулық орнатудың саяси диалог алаңына айналды. Сонымен бірге бүгін Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздігіміздің мәңгілік іргетасы, сонымен бірге шығыс пен батысты байланыстыратын өркениеттін алтын ордасы. Ал Елбасының тарихи шешімімінің арқасында ашылған тағы бір жаңа Түркістан облысы Еуропа мен Азияны  қосатын бүкіл түркі әлемінің рухани ордасы деп аталды.

Иә, еліміз тәуелсіздігін алған тұста бізге күмәнмен қарағандар көп болды. Тіпті, кейбіреулер «бұлар ел болмай, жұтылып кетеді» деп сәуегейлік танытқан екен. Бірақ уақыттың өзі күдікті сейілтті. 30 жылда Қазақстан өзгелермен иық тіресетін бәсекеге қабілетті мемлекетке айналды, – деді Дәурен Абаев.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

– Бостандықтың сынағы бодандықтан көп болмаса, аз емес. Тәуелсіздікті енді алған тұста Алтайдан Каспийге дейін алып аумағымыз болғанымен шекарамыз шегенделмеген еді. Жеріміздің асты-үсті байлыққа торлы болғанымен, оны өзіміз игеріп жатқан жоқ едік. Мүмкіндіктеріміз мол болғанмен, қоғамда шешілмеген түйткілдеріміз мол болған. Сондықтан азаттықтың таңы атқанда ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев секілді көреген саясаткердің ұстауы қазақтың бағы деуге болады. Елбасының парасаттылыққа негізделген стратегиясы күрделі кезеңдерді артқа тастап, Қазақстанды дамудың даңғыл жолына бастады.

Егемендік алған 30 жылда халықтың табысы 10 есеге артқан. Жұмыссыздық деңгейі 13 пайыздан 5 пайызға төмендеді. Қуанарлығы соңғы 20 жылдың ішінде халық саны 4 миллион адамға ұлғайып отыр. Тұрғын үймен қамту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, Тәуелсіздік жылдары 1,5 млн тұрғын баспана жайын жақсартқан.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ЖІӨ өсу қарқыны 3,8 пайыз деңгейіне жетті. Нақты себептер ұлттық экономиканың негізгі өсу драивері және орнықты дамудың кепілі екені айдан анық. Халықыралық қаржы ұйымдарының Қазақстандық экономиканы орнықты деп бағалады. Әлеуметтік жетекші агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі рейтингін толықтай растады.

Егемен еліміз бүгінде қуатты мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықты мойындатты. Мұны бүгінгі шараға қатысу үшін арнайы келген шетелдік саясаткерлері мен сарапшылардың санынан-ақ аңғаруға болады. Ал пандемияға байланысты елімізге жолы түспегендер бейнежолдау жіберіп, құттықтап жатты. Олардың қатарында Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл мен БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун бар. Ал Ресей мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков елордаға арнайы келді.

Александр Жуков, РФ Мемлекеттік думасы төрағасының бірінші орынбасары

– Қазір Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты. Бұны нық сеніммен айтуға болады. Ел билігі көпбағытты сыртқы саясатты ұстанып отыр. Оның артында бейбітшілікті сақтау мен тұрақты даму негіздері бар. Бұл бастамалар Қазақстаның әлемдік аренадағын беделін айшықтады.

Бүгінде әлем халқы Қазақстанның жетістігіне қызыға қарайды. Конференция барысында БАӘ келген қаламы қарымды журналистпен тілдесудің сәті түсті. Ол егеменді еліміздің даму тарихын зерттеп, жинақтаған дүниелерін кітап ретінде басып шығарған.

Абдулрахим Абдулвахид, Қазақстан тәуелсіздігі туралы кітаптың авторы:

– Мен Қазақстан мемлекетінің даму жолына өте тәнті болдым. Сіздердің елдеріңіз аз уақыттың ішінде әлемді мойындатқан қауатты елге айналды. Мен Араб жұртына Қазақстанды етене таныстыру үшін осындай көлемді екі еңбекті жазып шықтым.

Халықаралық шара барысында еліміздің 30 жылда жеткен жетістігі айтылып қана қоймай, алдағы даму бағыты да сөз болды. Сарапшылар мен саясаткерлер өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев