Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 112 отбасы пәтерлі болды

Тұрғын үй кезегіндегі көп балалы отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтағы жанұя мүшелері қоныс тойын тойлады. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Мұрат Әйтенов салтанатты шараға арнайы қатысты.

Қаланың Нұрсәт шағын аудандағы  бұл тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынды. Мереке қарсаңында бірден 112 жанұя баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатыр. Пәтер кілтін  иелеріне мемлекеттік хатшы мен қала әкімі табыстады.

Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі Тазагүл Жамалова. Төрт баланың анасы бұған дейін пәтер жалдап тұрыпты. Енді үш бөлмелі үйдің кілтін алып, қуанып жүр. 

Тазагүл Жамалова, қала тұрғыны:

- Тәуелсіздік мерекеміздің 30 жылдығына тұп-тура келіп тұр. Қос мереке болып тұр бізге де. Толқып тұрмын шынымды айтсам. Қуаныштымын. Аллаға мың да бір шүкір. Кезекке 2015 жылы тұрдым. 7 жыл дегенде жеттік бұл күнге де. 

Құрылысы қызған шаһарда биыл 1 миллион шаршы метр тұрғын тұрғын үй пайдалануға беріледі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 20 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Ал 11 үйге  ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға жақсарып келеді. 

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Кеше ғана өткен санақтан байқап отырсақ 1, 2 млн халық тұрады осы Шымкент қаласының өзінде. Ал болашағы одан да үлкен. Шымкент қаласының даму кешенді жоспарына қарасақ әсіресе баспана құрылысы әлеуметтік объектілер, мектеп, балабақшалар, ауруханалар тез салынатын болады. Сондықтан осының барлығының игілін еліміз, халқымыз көретін болады.

Биыл жоспар бойынша 676 азамат сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспанамен қамтамасыз етіледі.  Бұл бағытта жастардың үлесі артады, - дейді әкімдіктегілер. Ал 2023 жылға дейін 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынуы керек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов