Ұлттық кеңес мүшелеріне мемлекеттік наградалар табысталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық кеңестің бір топ мүшелеріне мемлекеттік наградалар табысталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес жоғарғы деңгейдегі марапаттар еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін берілді.

Атап айтқанда Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Парасат» орденін иеленсе, Мұрат Әбенов, Саясат Нұрбек, Тәттігүл Талаева мен Қанат Сахариянов «Құрмет» төсбелгісін кеуделерін тақты. Ал Асхат Садырбай мен Уайс Ерсайынұлы «Ерен еңбегі үшін» медальдерімен марапатталды. Тағы бірнеше азамат  «Шапағат» медалі мен Президенттің алғысын иемденді. Наградаларды Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин табыстады.

Саясат Нұрбек, BTS Education бас директоры:

– Бүкіл менің әріптестерім қуанып жатыр. Кеше де, бүгін де айтып жатырмын. Үш жыл маңдай терімізді төгіп, өңірлердегі зауыттарды аралап, мыңдаған сарапшылармен жұмыс істедік. Міне, сол жұмыстың еңбегі, жемісі байқалды.  Бұл менің ғана марапатым емес, бүкіл командамыздың марапаты.