ШҚО орманшылары қырағылықты күшейтті

Жаңа жыл жақындағанда орманшылардың да жұмысы қызады. Өйткені шыршаны отауға оқталатындар көбейеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондықтан жылдағыдай Шығыс Қазақстандағы орман қорғаушылар қалалардың кірер-шығар жолдарына бірнеше бекет қойды. Жалпы еліміз бойынша 1,5 миллион гектар орман қоры болса, оның үштен төрт бөлігі шығыста өседі. Бірақ осыншама аумақты қалт жібермей бақылау мүмкін емес. Сол үшін орманшыларға полиция қызметкерлері де көмектеседі. Олар қаладағы ірі сауда орындарын да қадағалайды. Тек қалаға жақын аумақтарда орман қоры 200 гектарға жуықтайды.

Бұл жерді қазір 100-ден астам орманшы күзетеді. Бүгінге дейін өңірде рұқсатсыз шырша кесу дерегі тіркелмеген. Ал заңсыз кесілген бір түп ағаш үшін қазір 43 мың теңге айыппұл салынады. Дегенмен көлеміне қарай айыппұл сомасы да әртүрлі.

Бейбіт Омарбеков, орманшы:

– Бірінші желтоқсаннан бастап қолға алынған осындай жұмыстардың арқасында жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды кесудің деректері тіркелген жоқ. Мекеме бойынша 5 мобильдік топ құрылды, олардың мақсаты – жаңа жыл қарсаңында қылқан жапырақты орманды кесуді болдырмау.