Талдықорғанда тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 патриоттық ән жарыққа шықты

Ұлттық рухты асқақтататын жалынды әндер облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған байқауға ұсынылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазылар алқасы солардың ішінен жеті ақын мен жеті композитордың туындысын үздік деп танып, авторларын марапаттады. Өнер бәйгесінде оза шапқандардың бірі – Бауыржан Кенжебаев. Тәуелсіздік құрдасының композитор ретіндегі бұл алғашқы жетістігі. Талдықорған әуендері ансамблінің жетекшісі байқауға отаншылдық рухтағы «Қазағым менің» әнін ұсынып, жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Бауыржан Кенжебаев, байқау жеңімпазы:

– Бұл әніміз тәуелсіздігіміз туралы.Патриоттық сезімді оятатындай және де жас буынға тек қана марш түрінде емес, жаңаша бағытта, жаңа стильде ән шығару мақсат болды. Сөзі Мақсұтхан Дәлелұлы деген Алматы облысындағы ағамыздың әні. Патриоттық ән деген өне бойыңды түршіктіретін болу керек қой, сол себепті қолдан келгенше әсерлі ғып шығаруға тырыстық.

Бұл күні облыстық жыр мүшәйрасының да нәтижесі шығарылды. Ел тәуелсіздігін өлеңмен өрнектеген қаламгерлердің туындылары сарапталып, жеңімпаз деп танылған 7 ақын марапатталды. Осылайша 30 жылдық мерейтойға арналған өңірдегі мәдени іс-шаралар қорытындыланды.

Мәрлен Көлбаев, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесіне орай көптеген шара өткізілді. 3 мыңнан аса шара. Оның ішінде халықаралық деңгейде облысымызда ең алғаш рет «Қазақ қырғыз айтысы» өткізілді. Халықаралық деңгейде Жамбыл мен Мұқағалидың мерейтойларына арналып, «Жамбыл-Мұқағали бейнесі» атты халықаралық плэнер ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Еңбегі еленген кітапхана, архив, музей, театр майталмандары мен әншілерге «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар алғыс хаттар мен құрмет грамоталары және мерейтойлық медальдар тарту етілді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов