Қызылорда облысында әскери есеп электронды форматқа көшті

Қорғаныс істері басқармалары мен бөлімдеріндегі мемлекеттік қызмет түрлері цифрлық ортақ жүйеге қосылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жергілікті органдар азаматтардың әскери есебін «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының ортақ базасы арқылы жүргізеді. Мақсат көз қысты, бармақ басты әрекеттерге жол бермеу. Қызылорда облысында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны әлі де жалғасып жатыр. Мамандар жаңа цифрлық жадыны қолдану арқылы отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүргендерді анықтау ісі біршама жеңілдегенін айтады.

19 жастағы Ерман Қосымбаев колледж бітірісімен әскерге шақырту қағазын алған. Құжатнамалық көп операцияларды үйден онлайн толтырған ол тек медициналық комиссиядан өту үшін ғана жинақтау бекетіне келіп отыр.

Ерман Қосымбаев, әскерге шақырылушы:

– Медтексерістен өттім. Жарамды болдым. Алматы қаласына әскерге жібереміз деді. Қаша бермей армияға барған дұрыс деп ойлаймын. Қашқаннан ештеңе таппайсың, өйткені әскерге бару – ер азаматтың міндеті. Әскерден келген соң келісімшартпен қалғым келеді. Әскери болып жұмыс істегім келеді.

Дмитрий Жерегя, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Физикалық тұрғыда жағдайы мінсіз жастарды десанттық шабуылдау құрылымы, теңіз әскері және шұғыл әрекетке арналған бөлімдерге жібереміз. Ал денсаулығында сәл-пәл кінараты барларды айдауыл қызметі, әуе күштерінің техникалық бөлімдеріне жібереміз. Ең бастысы психологиялық жағдайына мән береміз. Межеде көзделген 435 адамның жартысынан астамын әскерге жіберіп үлгердік.

Ерман секілді жарамдылық қағазы әркімнің қолына тие бермейді. Дәрігерлердің айтуынша жасөспірімдердің көбісі окулисттен өте алмайды екен. Бұрын майтабандар мен жүрек аурулары көп кездессе, қазіргілердің көру қасиеті нашарлаған,- дейді дәрігерлер. Бүгінгі таңда шекара қызметі мен құрлықтық күштерге жіберілетін жасақ толық дайындалып, енді Ұлттық Ұлан тапсырысы орындалып жатыр. Денсаулығы жарап тұрса да әскерге барғысы жоқ жастар да кездесіп жатады екен.

Алмас Чункунов, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы:

– Бір рет келіп, екінші рет келмегендер бар енді. Бірақ оларды келтіреміз, олардың саны 125 адам. Әлі уақыт бар олардың келуіне. Желтоқсан айының 29-на дейін уақыттары бар келіп әскерге жіберуге.

Шиелі ауданында әскерге барудан жалтарып жүргендер мүлдем жоқ және күзгі мерзімге шақырылған 40 азаматтың барлығы жөнелтілген. Өйткені жастардың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылықты қалыптастыру ісіне ақсақалдар алқасы араласады. Белгілі себеппен жауынгерлік сапқа тұрудан бас тартып немесе кейінге қалдырғысы келетіндердің өтініштері онлайн түрде қабылданады. Одан бөлек цифрландыру жүйесі бұрынғыдай әр адамның соңынан қуып жүру машақатынан құтылуға сеп болып отыр екен.

Руслан Шәріпбаев, Шиелі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы:

– Әскерге шақырылушы және әскери міндетті ЖСН бойынша нақтыланған мекенжайын білеміз. Соңғы жаңалау бойынша әскери міндеттілердің жұмыс орнын толық таба аламыз. Егер бізден қашып жүрген балалар болса, біз база бойынша жұмыс орнын біліп, хаттарды жіберіп жатырмыз. Хаттарды тарататын едік қазір енді СМС бойынша хабарландыру жүргізіліп жатыр.

Биыл қорғаныс істері жөніндегі құрылымдар пандемия жағдайындағы әскерге шақырудың 4 науқанын жүзеге асырып жатыр. Қарулы күш қатарына шақырылушылар міндетті түрде вакцина қабылдағаннан кейін әскери бөлімдерге жіберіледі.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов