Ақтөбеде бала санының көбеюіне байланысты жаңа мектептер салынады

Ақтөбеде бала санының көбеюіне байланысты жаңа мектептер салынады

30 жылда Ақтөбе облысында 160-тан астам мектеп салынған. Жекеменшік сектормен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде балабақшалардың да үлесі артты. Дегенмен бала санының жыл сайын көбеюіне байланысты аймақта әлі де кешенді шаралар қолға алынады. Алдағы уақытта ондаған жаңа білім ұясының құрылысын бастау көзделіп отыр.

Дәулет Бауыржанов биыл 11-сыныпқа көшсе де, мектепті өз үйінің жанынан ашылған жаңа мектептен бітіруді қалаған. Себебі, бұған дейін оқыған оқу орнына жету үшін күн сайын бірнеше шақырым жер жүріп, әрең жететін. Ал мұнда жағдай жақсы. Ең бастысы, бұрыңғы мектебіндегідей сапырылысқан бала жоқ. Қосымша сабақтарға да қатысып, жоғарғы оқу орнына түсуге дайындалуға да мүмкіндік бар. 

Дәулет Бауыржанов, оқушы:

– Қазіргі таңда 78-ші мектепте оқимын және қуаныштымын. Өйткені бізде №60 мектепте бала саны көп болатын. Біз үш ауысымда оқығандықтан, бізге ыңғайсыз және бізге көп көңіл бөле алмады.

Бұл мектептің пайдалануға берілуі «Нұр-Ақтөбе» қалашығының тұрғындары үшін зор қуаныш болды. Ең бастысы, мұндағы төрт бірдей шағын ауданның балалары баратын білім ұясының жүктемесін азайтты. Қазір екі ауысымда екі мыңға жуық бала оқып жатыр. Оқу бөлмелері соңғы үлгіде жабдықталған. Дегенмен, қалашықтың жыл өткен сайын ұлғайып жатқанын байқап жүрген мұғалімдер, көп ұзамай мұнда да бала санының өсетінін болжап отыр.       

Жанар Сейтмағамбетова,  №78 мектеп гимназиясының директоры:

– Қазіргі таңда 1974 бала білім алады. бірінші кластың өзінде 14 класс ашылды. Оның өзінде бір класта 25 баладан отыр партада. Әлі де құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әлі де көшіп келетін жаңа тұрғындар болуы мүмкін. Сондықтан, алдағы уақытта әлі де бала саны бұл мектепке толығады ғой деген жоспарымызда бар.

Мектеп салу ісі облыста жалғаса бермек. Тек биылдың өзінде өңірде 20 білім ошағының құрылысы басталып, оның 12-сі пайдалануға берілді. Ал тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде аймақта 154 мың орынға арналған 166 мектеп салынған. Бұл елдің өзге өңірлерімен салыстырғанда тәуір көрсеткіш. Дегенмен, апатты және үш ауысымды жағдайдағы нысандар мәселесін жою әлі жалғасып жатыр. Сондай-ақ, мектепке баратын бала санының жыл сайын арта түсуі кешенді шараларды қолға алуға түрткі болуда. 

Жолдас Батырхан, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Алдағы 5 жылда Ақтөбе облысындағы осы қарқынды балалардың өсімін есептейтін болсақ,  25-30 мыңға дейінгі баланың орын тапшылығы сезілуі мүмкін. Осы орайда, 54 жаңа мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Егер осы мектептер уақытымен пайдалануға берілсе, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мүлде болмайды деп жоспарлап отырмыз. Ендігі мәселе қосымша білім берумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Міне осы мәселеде де үстіміздегі жылдан бастап, мемлекеттік тапсырыс орналастырыла бастады.

Ал балабақшалардың да саны соңғы жылдары едеуір артып, бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер толық қамтылып отыр. Алайда аудандарға қарағанда, білім саласына қатысты мәселелер қалада күрделі. Тәуелсіздік жылдары облыс орталығында пайда болған екі бірдей шағын ауданға әлі де ғимараттар қажет.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев