Алматылық дәрігерлер бір операциямен екі дертті емдеді

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының дәрігерлері ерекше операция жасады. Ол медицина тілінде жүрекше фибрилляциясы деп аталады. Оның ерекшелігі сонда бір операциямен науқастың жүрегінің ырғағы қалпына келтіріліп, жүрек қақпақшасы да емделеді. 

Бұл науқас кішкене жүрсе ентігіп, жүрегі шаншиды екен. Анда-санда аяғы да ісіп кететінді шығарған. Көп созбай кардиологқа қаралады. Мұқият тексеріп шыққан соң дәрігер операция жасатуға кеңес береді. Жүрекше фибрилляциясы қауіпті саналғанымен емдеуге болады. Ерте анықталса операция да жеңіл өтеді.

Рүстем Төлеутаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия қызметінің жетекшісі:

– Жүрекшенің фибрилляциясы деген өте қауіпті жағдай. Себебі ол 80 процентке дейін инсульттің себебі болып саналады. Сондықтан біз жаңағы ритмді жөндегеннен кейін бұл кісінің инсульт болу рискі төмендейді. Енді жүрегініңде ырғағы арықарай дұрысталады. Өзіңің болған шағымдары бәрі қайтады.

Әзірге мұндай операция елімізде Кардиология және ішкі аурулар институтында ғана істеледі. Институт дәрігерлері бұл әдісті германиялық әріптестерінен үйренген. 2020 жылдан бастап осындай 30 операцияны сәтті жасаған.

Рүстем Төлеутаев, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия қызметінің жетекшісі:

– Жылдан жылға бұл операция көбейіп келеді. Бұл операцияны стандартты тәсілмен немесе мининвазивті тәсілмен істеуге болады. Біздің институтта болған науқастар бірінші этап оңалтуды осы клиникада, біздің оңалту бөлімшесінде 1 апта болады. Содан кейін 1 айдан кейін қайтып келеді да тағы бір апта болады.

Бірте-бірте науқас қалыпты өмірге қайта оралады. Бірақ маманның бақылауында болады. Бірегей операцияны Кардиология және ішкі аурулар институты Қазақстан азаматтарына тегін жасайды. Оның ақысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен төленеді.

Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев