Қарағанды облысында 12 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлады

Облыстағы Жаңаарқа ауданында 12 көп балалы отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Хабар 24 ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жаңаарқа нұр» шағын ауданында екі пәтерлі үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды.

Айта кету керек, тұрғын үй құрылысына Жаңаарқаның өзінде өндірілген құрылыс материалдар пайдаланылды. Аудан басшысы жаңа қоныстанушыларға кілттерді табыстап, жайлы тұру үшін үйлер толық жабдықталғанын атап өтті.

«Көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміздің бірі. Үш жылдың ішінде біздің ауданда осындай 70 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Жыл басынан бері 39 тұрғын үй берілді. Біз қоныс иелерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймыз. Оларға жаңа үйде бақыт пен амандық тілеймін!» – деп құттықтады аудан әкімі Юржан Бекқожин.

Жаңа үйге қол жеткізгендердің бірі – Гүлім Ұғзинова. Енді жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алуға дайындалып жатыр. Ол тұрғын үй кезегін екі жыл күткен. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отыр. «Жаңа жылды өз үйімде қарсы алатынымызға өте қуаныштымын. Балаларым бақытты. Бізге үй ұнайды, өте кең және жылы», – дейді көпбалалы ана.

Тәуелсіздік жылдарында Жаңаарқа ауданында 80 үй, яғни 31 көпқабатты және 49 жер үй салынды. Бүгінгі күні ауданда баспана кезегінде 840 адам тұр, оның 132-сі көп балалы ана.