Маңғыстаудағы мәселе диалог негізінде шешілуі тиіс – Сенат төрағасы

Маңғыстаудағы мәселе диалог негізінде шешілуі тиіс – Сенат төрағасы
Сенат баспасөзі

Маңғыстаудан сайланған сенаторларымыз да сол өңірде мәселенің оң шешілуіне атсалысуда. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында осылай жазды.

«Маңғыстаудағы жағдай барша елді алаңдатып отыр. Мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың толық бақылауында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Бүгінде комиссия өкілдері өңірге барып, өз жұмысын бастады. Мәселе диалог негізінде шешілуі тиіс және Президентіміз айтқандай, барлық тараптың мүддесін ескеретін шешімге келу маңызды», деп жазды Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Маңғыстаудан сайланған сенаторлар да сол өңірде мәселенің оң шешілуіне атсалысуда. «Біз елдіктің маңызды межесінде тұрмыз. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, егемендігімізді одан әрі нығайту – басты міндетіміз. Кез келген мәселенің шешімін табуға болады, ол үшін ең алдымен, жылдар бойы қалыптасқан бірлігіміз бен тұрақтылығымызға сызат түсірмеу аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскенін мәлімдеп, демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс екендігін айтты.

Кеше Президент Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырған еді. ҚР Премьер-Министрі А.Мамин Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын жария етті.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы жанармай стансаларының иелері сұйытылған мұнай газының құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын хабарланған еді.