Шымкенттегі бизнес нысандар жұмысын жалғастырды

Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген кәсіпкерлік нысандардың саны 24-ке жетті. Шығын көлемі 226 миллион теңгеге жуықтады. Алайда кәсіпкерлерді қолдау орталығы бұл статистикалық цифр әлі де өзгеруі мүмкін дейді.

Бірақ аймақта біршама зардап шеккен азық-түлік кешендері мен тамақтану орындары жағдайды өз күштерімен реттеп, жұмысын толық штаттық режимде жалғастырып отыр.

Бұл кадрлерде бұзақылар түнгі екілердің шамасында тез дайындалатын тамақтану орнына баса көктеп кіргенін байқауға болады. Бір топ жас жігіт қолына ілінгенін алып, көзге көрінгенін қиратып тастаған. Жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан орталыққа 2,5 миллион теңгеге жуық шығын келді. Алайда кәсіпкер мемлекеттік қолдауды көп күтпей жағдайды лезде реттеп алды. Қазір толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Мерген Тапиев, кәсіпкер:

- Қымбат-қымбат техниканы, компьютерлерді, планшеттерді алып кетті. Азық-түлікті, сусындарды алып кетті. Кассаны сындырды. Видеонаблюдение арқылы біз көрдік. Екі сағат осы жерді сағат төртке дейін отырған. Жәйбарақат шәй ішкен, тамақ ішкен сосын барып шыққан. Шығынның бәрін сатып алып, жұмыс істеп жатырмыз. Өз ақшамызға.

Сондай-ақ әкімшілік іскерлік орталығына жақын маңдағы супермаркетке де шабуыл жасалған. 60-қа жуық бұзақы сауда орталығының терезелерін шағып, ішке енген. Банкоматтарды тонап, сөрелерді қиратқан. Абырой болғанда, қызметкерлер үйінде болып, ешкім зардап шеккен жоқ.

Ян Нагибин, сауда орталығы директорының орынбасары:

- Олар барлық кассаларды қиратты, көптеген тауарларды бүлдірді, бірнеше жерге өрт қойып, жағып жіберуге тырысты. Қазір мұның барлығын реттеп, жағдайды қалыпқа келтіріп жатырмыз.

Шаһарда жаппай тәртіпсіздік кезінде 24 кәсіпкерлік нысанына шабуыл жасалды. Оның қазір 13-і қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастырып отыр. Арнайы құрылған комиссия өкілдері шығын көлемін есептеп зардап шеккен кәсіпкерлердің арызын тексеріп жатқанын айтады.

Сабира Адамбекова, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Залал келген кәсіпкерлердің барлығына хабарлап айтып жатырмыз. Тиіс құжаттарын жинап видеофиксация болсын, фотофиксация болсын барлығын жинақтап отырып, толықтырып және бұл мәселе әкімдіктің тарапынан құрылған арнайы комиссия қарайтын болады. Осы келтірілген залал бойынша оны ары қарай өтеу мәселесі бойынша. 

Қазіргі таңда шаһардың тыныс-тіршілігі қайта жанданды. Тек коменданттық сағаттың талаптары бойынша түнгі сағат 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін автокөлік қозғалысы шектеліп, қалаға кіріп шығуға тыйым салынды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов