Түркістанда бағаны тұрақтандыруға бір млрд теңге бөлінді  

Түркістан облысы бағаны өсірмеу үшін 1 млрд теңге қаражат бөлген, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл қаражат азық-түлік сатып алуға жұмсалады. Өйткені жаңа жылдың алдында бағаның шарықтап кеткені белгілі. Түркістан қаласында Үкімет қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын 13 дүкен және бес ірі сауда үйінде бұрыштар қарастырылған. Онда халық күнделікті көп тұтынатын картоп, сәбіз, қант, өсімдік майы, ұн және макарон сияқты өнім түрлері нарықтағыдан төмендетілген бағамен сатылады. Мәселен картоптың бір келісі мұнда 100 теңге болса, базарда 230, бірінші сорт ұн әлеуметтік дүкенде – 150 болса, сауда орындарында 300 теңгеден саудаланып жатыр. Басқа азық-түлік түрлеріне де 100 теңгедей айырмашылық бар. «Бағасына қарай сапасы» демекші, мұндағы кейбір көкөністердің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайтынын айтады.

؎ Ана магазинге қарағанда бұлардікі сәл арзандау болады. Базарда 220-дан, мұнда жүз теңгеден аламыз. Сапасында сәл айырмашылық бар енді, көріп тұрсыңдар ғой. Бірақ жақсылары да бар.

– Магазинде 200 дейді, сорттап қойыпты көреміз ғой енді. Жақсы болса аламыз.

– Сапасы қалай?

– Жақсы.

– Үнемі картоп, пияз жоқ. Дүйсенбі келеді. Ақшасын төлеген жоқпыз деп жатады.

– Сапасы?

– Екі-үш күннен кейін солып қалады ғой.

Мамандардың айтуынша, қазір өңірдегі тұрақтандыру қорында құны 328 млн теңге болатын 3850 тонна өнімі сақтаулы. Одан бөлек, облыстық әкімдік азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін қор арқылы өңірдегі ірі сауда желілеріне 640 млн теңгені жеңілдетілген несие берген. Кәсіпкерлік нысандар ол қаржыға тауар өндірушілерден қажетті азық-түлік қорын сатып алып, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Лаура Жанасбаева, ӘКК АҚ департамент директоры:

– Ірі өнім жеткізушілер мен тауар өндірушілер осы аталған қарызды алып, белгіленген бағада осы әлеуметтік дүкендерге тасымалдайды. Биылғы жылға 1 млрд теңге көлемінде бюджеттен қаржы қарастырылған. Жергілікті тауар өндірушілерден картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлеріне белігленген бағада сату, бағасын тұрақтандыруға бағытталған.

Қала тұрғындары өткен жылмен салыстырғанда кейбір тауар түрлерінің арзандағанын айтады. Мәселен, өткен жылы қанттың бір келісі 400 теңге болса, қазір мұнда 270 теңгеден саудалануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш