Алматыда баласын ауруханаға тастап кеткен отбасын полиция іздестіріп жатыр

Алматыдағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында бес айдан бері жалғыз жатқан екі жасар бүлдіршінді «Әділ» қоғамдық қоры уақытша өз қамқорлығына алды.

Бұл туралы бүгін қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов хабарлады. Аурухана қызметкерлері асырап отырған баланың тағдыры туралы ақпарат кеше кешке қарай тараған болатын. Сонша уақыт өтсе де ата-ана өз перзентін неге алмай отыр?

2 жасар бүлдіршін былтыр қыркүйекте Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында табылған. Полиция өкілінің айтуынша, қасында әкесі болған. Бірақ не баланың, не өзінің құжатын көрсете алмапты. Содан соң полицейлер бүлдіршіннің денсаулығын тексерту үшін ауруханаға апарады. Ал ер азамат өзінің құжаттарын алып келемін деп үйіне кетеді. Дегенмен, 22 қыркүйектен бері ат ізін салмаған. Енді Тәңірберген есімді бала «Әділ» қоғамдық қорына уақытша қамқорлыққа берілмек.

Рүстем Әбдірахманов, қалалық ПД басшысының орынбасары:

- Өткен тәуліктен бері полиция департаменті мен аурухана қызметкерлері баланың туу туралы куәлігіне қажетті құжаттарды жинауды бастады. Ол құжаттар Әуезов аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына өткізілді. Ертең сәбидің туу туралы куәлігі дайын болады. Әкесі мен анасы әлі іздестіріліп жатыр.

Медициналық мекеменің заңгері «біз қамқорлық органдарына дер кезінде хабар бердік» дейді. Бірақ күні бүгінге дейін бүлдіршіннің мәселесі шешілмегені таңқалдырады. Өзін әкесімін деп таныстырған адамның берген ақпараты бойынша анасы оларды тастап кетіпті.

Рүстем Балтабаев, қалалық балалар клиникалық ауруханасының заңгері:

- Баланың әкесімін деген азамат ай сайын ауруханаға келіп, оны мамандандырылған балалар үйіне өткізбеуді өтінді. Туу туралы куәлігін жасататынын айтты. Біз бала туралы ақпаратты қажетті органдарға хабарладық. Өткен жылдың қарашасында Әуезов ауданы жанындағы кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғайтын комиссия бұл істі қараған болатын.

Тәңірбергеннің балалар ауруханасында әлі қанша уақыт болатыны белгісіз. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығы жақсы. Медициналық мекеменің тәрбиешілеріне бауыр басып қалған. Енді енді тілі шығып келе жатыр екен.

Гүлайым Акрамханова, қалалық балалар клиникалық ауруханасының тәрбиешісі:

- Кезекпен жанында боламыз, түнде жалғыз жатпайды. Күндіз ұйықтаған кезде де үнемі біз бақылап жүреміз. Жанында боламыз қорқып қалмасын деп. Қазір баланың анық дамитын кезі, бір-екі сөз айтады «мама, папа» деп. Денсаулығы жақсы, тамақты жақсы ішеді.

Полицияның мәліметінше, құжатсыз отбасы қыркүйек айының басында Жамбыл облысынан Алматыға күнкөріс үшін келіпті. Жұмыс іздеп, үш аптадай далада өмір сүрген. Енді екі жасар Тәңірбергеннің ата-анасы табылса жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев