Маңғыстау үстіртінде ақбөкен екі есе көбейді

Үстіртте киік көбейді. Былтыр осы Маңғыстау облысында қуаңшылықтан жерге шөп шықпай, біраз мал қырылған еді. Енді даланың сәні ақбөкендердің өңірге көптеп келуі елдің үмітін оятты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, жазықтағы киіктің саны 12 мыңға жеткен. Яғни кейінде екі есе көбейген. Үстіртте арқар мен қарақұйрық та өріп жүр. Дегенмен бұларда аса өсім байқалмаған.

Мұндағы әуесқой бейне кадрлар Қазақстанда түсірілген. Әлеуметтік желі қолданушылары Бейнеу ауданы деп жазса, тағы бірі мынау Қостанай облысы деп дауласады. Қалай десек те, бір өңірде жүздеген киік иен далада емін-еркін жайылып жүр. Кадрде сөйлеген ақсақалдың ақбөкендер шоғырланған жерге шөп апарып, дала түлігін жемдеуді ұсынғаны көпшілікті сүйсінтті.

– Әй, бұдан бір азық-түлік үнем болмайды ғой. Аулап, қырып алғаннан. Қайта мына жердің қуаңшылығында, шөп таратып берудің қамын ойлау керек. Адам басына 1 түктен, 10 түктен алып соның шоғырланған жеріне тастауға болады.

Орынбасар Тоғжанов, эколог: /хрип/

– Әлеуметтік желілерде осы азаматтардың үлкен жанашырлығын көріп жүрмін. Бір жаққа кетіп бара жатқан киіктің белгілі бір тобын көрген болуы керек. Теміржолдың бойында, басқа жерде. Сондай жанашырлық, шіркін-ай! Жердің қуаңшылығына қарамастан «киік келді» деп жақсы ырымға балап жатқан.

Мамандардың айтуынша, қауіпсіз жерді мекендеген киік тез көбейеді. Қарашадан басталатын күйек, яғни шағылысу кезеңінде бір теке 15-30 аналықты ұрықтандырады. 

Ғаббас Досатов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясының басшысы:

– Жыл сайын киікке санақ жұмыстары жүргізіледі. 2021 жылы жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша Үстірт популяциясы 12 мың басқа жетті. Үстірт арқарын алсақ, 16-17 жылға санақпен салыстырғанда сол жылдары 1500-1600 бас болған. Қазір былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 2,5 мың бас арқар санап отырмыз. Өсім бар. Қарақұйрық та қазір тұрақты ұстап тұр. 900-1000 бас шамасында кездеседі.

Ұрғашы ақбөкенде мүйіз болмайды. Аталығын құны қымбат мүйізіне бола аяусыз аулау Қазақстанда тыйылар емес. Тек Маңғыстауда былтыр заңсыз аңшылық дерегі бойынша 4 қылмыс тіркеліп, тағы 242 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев