Қала қоқыстан қашан арылады – Рудный тұрғындары

Қостанай өңіріндегі Рудный қаласын қоқыс басып барады. Моноқалада тұрмыс қалдықтары аптасына бір рет шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан тау боп үйілген қоқыс маңында аяқ басар жер қалмайды. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік тарифті көтеру керек дейді. Ал экобелсенділер бұл пікірмен келіспейді. Рудныйда тұрмыс қалдықтары 6 жыл бойы уақытылы жиналмайды. Тау-тау боп, ағылып-төгіліп жатады. Жергілікті билік бұған коммуналдық мекемелерді кінәлаған. Кейін тұрғындар шашып тастайды деп айыптады. Былтыр қоқыс салғыш алаңдарын бақылайтын 44 камера орнатқан. Бірақ баяғы жартас сол жартас.

Рахат Көшербаев, Рудный қаласының тұрғыны:

– Балалар далада ойнайды. Сол қоқыс шашылып, пакеттер жан-жаққа ұшады. Біздер ақшасын төлеген соң, үйде ұстап отыра алмаймыз ғой қоқысты. Апарып тастаймыз.

Қала ішінде 120 қоқыс салғыш қойылған. Тұрмыс қалдықтарын екі жеке кәсіпорын шығарады. Тарифтің аздығын сылтау етіп, міндеттерін аптасына бір рет атқарады. Елімізде коммуналдық қызметті көтеруге жарты жылдық мораторий енгізілгеніне қарамастан, кәсіпорындар тарифті 100 теңгеге өсіруге құжат жинаған.

Ерлан Әлмереков, Рудный қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Тарифті көтеру туралы жоба әлі қаралып жатыр. Дәл қазір бағаны өсіру өзекті мәселе. Себебі дизель отыны қымбаттады. Жұмысшылар кетіп жатыр. Одан қалды техника паркін жаңарту бар. Қазіргі тариф 2015 жылдан бері өзгерген жоқ.

Халықтың қалтасына салмақ салмай, коммуналдық қызметке субсидия бөлуге әкімдіктің құқы жоқ. Ал экобелсенділердің айтуынша тарифті өсірумен мәселе түбегейлі шешілмейді.

Максим Фролов, экобелсенді:

– Біз полигонға кететін қалдық мөлшерін азайта алмаймыз. Қайта жыл сайын көбейіп жатыр. Қоқыс сұрыпталмайды. Егер іріктелсе, тұрмыс қалдықтарын өндейтін кәсіпорындар ашылар еді. Алдымен осыған жағдай жасалуы қажет.

Жалпы Рудныйдағы қоқыс 1999 жылы бекітілген норма бойынша полигонға шығарылады. Содан бері халық санымен қоса, тұрмыс қалдықтарының көлемі еселеп өскені айтпаса түсінікті. Ал қала билігі кәсіпорындар үшін жаңа нормаларды енгізуге асығар емес.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров