Ақтөбеде тұрғындар 400-ге жуық талдың кесілуіне қарсылық танытты

Ақтөбеде тұрғындар 400-ге жуық талдың кесілуіне қарсылық танытты

Ақтөбеде жергілікті билік 400-ге жуық тал-көшетті тамырымен бірге жоюды көздеп отыр. Ақжар-2 ауданында 50-ден астам көшеге асфальт төселуі тиіс. Тұрғындар елді мекенге жол салу керектігін біраздан бері айтып жүрген.

Алайда ауылға келер игілік нышаны қоршаған ортаға зиян тигізбесе дейді. Себебі енді ғана бой түзеп келе жатқан шағын ауданда жасыл-желек санаулы. Оның үстіне 4-5 жыл бұрын дәл осындай желеумен шаһардағы біршама тал-теректің оталғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. 

Облыс орталығындағы ірі ауданның біріне айналған Ақжар-2 елді мекені экологиялық тұрғыдан таза. Өндіріс орындарынан алшақ қоныстанған тұрғындар  ауласын айтпағанда, көше бойына да тал-терек еккен. Қарағаштан бөлек, емен мен терек, шырша мен қарағайдан басқа жеміс-жидек ағаштарын да көруге болады. Алайда құрылыс басталса жол бойындағы көптеген көшетті жоюға тура келеді. 

Евгений Лазарчук, экобелсенді:

- Соңғы жылдары бұл ауданда жасыл-желектің көбейгенін байқауға болады. Егер 500 ағаш тамырымен бірге қопарылатын болса қоршаған орта мен ауа-райына айтарлықтай шығын болатындығы сөзсіз. Жаздың күні шаң тұрып, қыста бораннан тығыларға жер болмайды. Тұрғындардың да еңбегі зая кетеді.

Есік алдындағы ағаштардың  жұлынатынына тұрғындар  наразы. Сондықтан жол құрылысы жобасында осы жайтты ескеріп қайта жасақтауды өтінеді.

БЛИЦ 1: Үйдің айналасына папа ғой еккен. Мына көшедегі балалар өтіп бара жатып жеп кетсін деп. Виноград, вишня егіп қойды мында. Мынау әрқайсысы өздері егіп жатқан талдар ғой. Осы жердің талдары өзімен өзі өсіп жатқан. Бірақ негізі жол салуға жер бар. Талдарды қимай ақ сала беруге болады ғой.

БЛИЦ 2: Енді жолды салғаны жақсы ғой. екі аяқ болсын. сиямыз. Көңіл сыйса бәрі бәрі сыяды дейді ғой. Енді ауланың сыртында 3 ағашым бар. Үш терек. Ол енді жолға деген кедергі, қатысы жоқ. Жасыл ағаш ол ауа райы, көлеңке болады бір жағынан. Сосын енді көшенің сәні ғой.

БЛИЦ 3: Кең ғой мынау біздің көше. Енді қаншама халықтың еңбегі бар. Анау өсірген тал обал ғой ағашқа. Соңан қарағанда менің ойымша қалдырған дұрыс шығар ағаштарды.

Жоспарға сәйкес, Ақжар-2 ауданында 50-ден астам көше жөнделуі тиіс. Ені 6-7 метрлік асфальттан бөлек жарық шамдары, жаяу жүргінші жолы мен суағарлар қарастырылған. Жоба құны шамамен 5 миллиард теңге. Эко-белсенділердің көтеріп отырған тағы бір мәселесі құрылысқа Бұтақ өзенінен су тасымалдау боп тұр. Арнасын кеңітіп, табана ауыр техника түскен суқойма соңғы жылдары тартылып қалған. Құрылысшылар қол салса тіптен кеуіп кетеді дейді.

Жансұлу Салиева, жобалаушы компания директоры:

- Құрылысқа қажетті судың өзеннен алынатындығы рас. Бірақ біз жобада Қарғалы мен Елек өзенін көрсеттік. Себебі біздің білуімізше Бұтақ өзенінің суы тартылып қалған.

Жалпы бұл ауданда 378 түп ағаш кесілуі тиіс. 126-ы арнайы техникамен басқа жерге көшіріледі. Сондай-ақ мердігерге жұлынған әрбір ағаштың орнын толтыру міндеттеледі.

Навои Әмірбек, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Құжаттарға сәйкес, жасыл-желекті өтеу көлемі 10 есе деп бекітілген. Яғни әрбір ағаштың орнына 10 көшет отырғызылуы тиіс. Ағаштардың барлығы коммуналдық жүейлерге кедергі болайтындай етіліп сол Ақжар-2 ауданында егіледі.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Өңір белсенділері көшеттерді отырғызып қана қоймай әбден тамырын жайғанша бағып-қағуды да құрылысшыларға жүктеуді талап етіп отыр. Алайда шенеуніктер мердігерлерден мұны 2 жылға дейін ғана талап ете аламыз дейді. Атқарылған жұмыстың кепілдік мерзімі сол. Демек, одан кейінгісі тұрғындардың мойнында. Әзірге бұл жоба халық талқылауында. Егер көпшілік қуаттап, тиісті мемлекеттік сараптамадан өтсе жол құрылысы келер жылы басталуы тиіс. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев