Елордада 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс үйдің үлескерлері баспанасына кіре алмай жүр

Елордада 8 жыл бойы баспанасын ала алмай жүрген үлескерлер тағы да наразылық білдірді. Қала әкімдігі мен мердігерлердің табалдырығын тоздырып, мардымды жауап ала алмаған олар біздің арнаға хабарласып көмек сұрады. Наразы топтың арасында пәтердің бағасын толық төлеп қойғандар да бар. Мәселенің мән жайын тілшіміз анықтап көрді.

Несіпбала Сәрсембаева, үлескер:

- Жағалау 4, 3-ші пятно салынсын! Құдай үшін. Мен көп балалы анамын. Рассрочкаға міне 8 жыл болды тосқаныма. Қашан болады? Не сұмдық.

Нәсіпхан Қосылбеков, үлескер:

- Біз 2014 жылы салдық. Содан бері уже қанша застройщик ауысты акимат жағынан, қанша әкім ауысты. Қазір соңғы келген әкіміміз Алтай Көлгінов уәде берген өзі келіп. Уәдесі іске асып жатқан жоқ қазіргі таңда. Құрылыста өзгеріс жоқ.

Келісім бойынша үй 2017 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ құрылыс уақытылы басталмаған соң бірнеше жылдан кейін бұл нысанды әкімдікке бағынышты компанияның қол астына өтті.

Нәсіпхан Қосылбеков, үлескер:

- 2018 Жылы Елорда құрылыс компаниясынан мердігер берді де бұл свайларды қақты. Одан кейін ол мердігер қате жіберген болды. Оны алып тастады.Одан кейін бізге жаңа мердігер қойылған жоқ. Біздің «қашан мердігер қойылады не болмаса қашан жалғасады» деген сұратарымызға мына келісімге қол қойылған жоқ. Әкімдіктің өз тарапынан сондай созу жұмыстары жүріп жатыр.

Үлескерлердің айтуынша, көп қабатты нысанға жауапты «Елорда құрылыс компаниясы» былтырдан бері оларды бос уәдемен сендіріп келеді. Кешенге бар жиғанын салған азаматтар не ақшасын қайтара алмай, не баспанасын ала алмай сенделіп жүр. 

Гүлзада Нұрғалиева, үлескер:

- Августте біз последний раз ЕҚК-да жиналыста болдық сол кезде Ерлан деген жігіт бізге айтты. Сентябрьдің 15 точно басталады. Содан жоқ. Мен 2016 жылы 100 пайыз салғанмын. Содан әлі күтудеміз.

- Декабрь айында бастаймыз деген. Енді декабрь емес январь өтті... енді февраль! Қай уақытта салынады?

Бұл көп қабатты үй Сергей Котляровтың құрылыс компаниясына тиесілі болған. Бірақ ол істі болып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда бір ай бұрын елорданың апелляциялық соты оған жаңа үкім шығарды. Мердігер алаяқтық жасағаны үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, оған 3 жылға құрылыспен айналысуға тыйым салынды. Соңында 64 жастағы Сергей Котляров рақымшылыққа ілігіп, қылмыстық жазадан құтылды. Ал армандаған үйінің қабырғасы түгіл құрылысын көрмей кеткен үлескерлер де бар.

Гүлзада Нұрғалиева, үлескер:

- Арамызда қаншама адам жоқ. Дүниеден өтіп кеткен адамдардың атындағы тұрған үйлерді сот арқылы аттарына аудара алмай жатыр. 

Райсхан Жеміс, үлескер:

- Біз Үкіметтен қолымызды жайып квартира сұрап отырған жоқпыз ғой. Өзіміз ақшамызды салдық. Адал ақшамызға  үйімізді салып бітіре ме деп отырмыз. 

Ал қала әкімдінің ақпаратына сәйкес, бұл мәселені шешу үшін «Елорда құрылыс компаниясы» 2020 жылдың 31 желтоқсанында құрылыс компанияларының бірімен шарт жасасты. Ендігі кезекте осы инвестор көпжылдық қордаланған мәселені реттеп, кешеннің құрылысын аяқтайды.

Мақсат Шаяхметов, "Елорда Құрылыс" ЖШС басқарушы директоры:

- Инвестор 15 ақпаннан кейін техниканы әкеліп, құрылыс алаңын дайындауға кіріседі. Наурыз айынан бастап осы нысанның құрылысын жандандырады. Көп қабатты үйді 2023 жылдың 4-тоқсанында пайдалануға береді деп жоспарланып отыр. 

Нақты мерзім белгіленді. Баспанасын жылдап күткен үлескерлер бұл сөз кезекті уәде болып қалмайды деп үміттенеді. Ал біздің арна құрылыстың қалай өрбитінін назарда ұстайды.

Ғазиза Мұхамеджанова, Дияс Қовланбаев, Ақылбек Есімсейітов