«Қазақстан халқына» қоры той шығынын өтеуге арналмаған

«Қазақстан халқына» қорына жолданатын өтініштерде қазақстандықтар негізінен баспана мен көлік сатып алуға қаржылай көмек көрсетуді, отбасылық мереке шығыны мен несие қарызын толық өтеп беруді сұрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қордың ресми өкілі Әлібек Әбділов айтты. «Қазақстан халқына» қорының сайты мен әлеуметтік желідегі мессенджерлеріне қаржылық займдар бойынша міндеттемелерді төлеу туралы өтініштер әлі де түсуде. Бірақ Қамқоршылық кеңес бекіткен тұжырымдамаға сүйенсек, қор мүмкіндігі шектеулі бала асырап алған, қорғаншылық немесе патронаттық тәрбиеге алған, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға ғана көмек бере алады.

Әлібек Әбділов, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:

– Қор қызметі болашақта аурулардың және мүгедектіктің ықтимал дамуын болдырмау мақсатында сәбилерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесуге, спорт және білім беруге бағытталады.

Сонымен қатар қор елдің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау, адамдардың өмірін сақтап қалу және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету кезінде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің отбасыларына, әскерилерге және төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамдарға қолдау көрсетеді. Осы орайда, жағдайды оң жамбасына пайдаланғысы келгендер де көбейді. Соңғы аптада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының байланыс орталығына 400-ден астам шағым түскен. Мәселен, Шымкент тұрғыны сайт арқылы өтініш берген соң өз атына несие ресімделгені туралы хабарлама алған. Ал Өскемен тұрғыны жалған электрондық үкімет порталынан SMS-хабарлама алғаннан кейін қоңырау шалған алаяқ одан SMS-тегі құпия сандарды атауын сұраған.

Әлібек Әбділов, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:

– Көмек міндетті түрде тауар немесе қызмет түрінде ғана беріледі немесе ол қаржылай көмек керек болса, онда банктік шотқа аударылады. Яғни қолма-қол ақша берілмейді. Бүгінгі таңда бізге түрлі өтініштер келіп түсуде. Кейбір жалған ақпараттар да бар. Мысалы, оның алдында әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздың біріне 42500 тг туралы сіздер осындай ақша береді екенсіздер деп ақпарат түскен болатын. Ресми түрде айтарым «Қазақстан халқына» қорының 42500 тг әлеуметтік төлеміне ешқандай қатысы жоқ.

Қазіргі таңда «Қазақстан халқына» қорына 115 млрд 300 млн теңге көлемінде қаржы жинақталды. 6 күн ішінде 13 мыңнан аса хат келді. Өтініш беру үшін qazaqstanhalqyna.kz сайтына кіру керек. Онда жүзден астам қайырымдылық қор бар. Олардың бірі өтінішіңізді өз мойнына алады. Сараптамалық комитеттер қабылданған шұғыл сұрақтарды әр сала бойынша іріктеп, қор басқармасына жібереді. Соңғысы қаржыландыру туралы шешім қабылдайды.

Авторы: Мирлан Алтынбек