Оңтүстікте тойхана иелері кәсіптік бағытын ауыстырып, басқа салаға бейімдеп жатыр

Оңтүстікте тойхана иелері кәсіптік бағытын ауыстырып, басқа салаға бейімдеп жатыр

Түркістан облысында тойхана иелері кәсіптік бағытын ауыстырып, қызметін басқа салаға бейімдеп жатыр. Қуантарлығы, оның бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік салаға бағытталса, енді бірі жастарды олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын орталыққа айналды.

Арыс қаласының іргесіндегі аядай Ақдала ауылында спорттық үйірме бұған дейін болмады. Енді тойшыл қауымға арналған 500 орындық салтанат сарайы 1200 баланы қабылдауға қауқарлы спорттық бағыттағы ғимарат болып ауысты. Жастардың шынығып, шымыр болуына жағдай жасаған ауыл азаматы Әлібек Құралбек «табыстан гөрі туған жерді түлетуге құмарттым» дейді.

Әлібек Құралбек, кәсіпкер:

- Көптеген жерлерін алып тастадық. Бұрын болған суреттерді барлығын алып тастап, более нормально деген потолокты қалдырдық. Одан кейін біз мына стенаның барлығына сурет салдырамыз художниктерге. Спортзал екендігін білдіретін баннерлер мен плакаттар заказ бердік. Мықты-мықты спортшылардың сөздері, өмірбаяндарын жәймен уақыт өте толтырамыз.

Мұнда бокс, дзюдо, қазақ күресі мен бұрымдыларға арнап би үйірмесі жұмыс істейді. Жасөспірімнің тегін жаттығатын орталығына тәжірибелі мамандар жан-жақтан арнайы шақыртылды. Ауыл баласы Амантұр арман қуып, үйірмеге алғашқылардың бірі болып жазылды. 

Амантұр Амантай, Ақдала ауылының тұрғыны: 

- Мен өскенде Бекзат Саттарханов сияқты спортшы болғым келеді. Соған орай үйірмелерге қатысып, күнде дайындалып жүрмін. Маған ұнады оның бәрі. Ағайлар жақсы жұмыс жүргізіп, жақсы жаттығулар істетіп бәрін жаттықтырып жатыр.

Арыстағы ағайынның тағы бір тойханасы «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы болып бейімделді. Мұнда мүгедектігі бар азаматтар үшін бос уақытын тиімді үйлестіруге жағдай жасалған. Аптасына бес күн жұмыс істейтін нысанда үстел теннисі, жаттығу залы мен түрлі ой-өрісті дамытуға арналған жабдықтар қойылған. Тіпті, тәжирибелі маманның массажы мен кітапханасы да бар. Мұнда тартылған жұмысшылар тобы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған.

Гүлсая Едігеева, орталық кеңесшісі: 

- Бізге келген кезде қуанып, ойнап кетеді бала-шаға. Үлкен кісілер де ризашылықтарын білдіріп, рақметтерін айтып ашылғалы күшті болып қалдық. Көңіліміз жайланады, бір осы жерге келгенімізде үйге емес демалыс орталығына келгендей сезінеміз дейді.

Бұл игілікті іске ұйытқы болған кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаржыландырылады. Сондықтан тұрғындар үшін барлығы тегін. Тек ғимаратты өз ақшасына сұранысқа сай жабдықтап, заман талабына бейімдесе болғаны. Арнайы платформаның көмегімен тиісті басқармалар бақылау жүргізетіндіктен бармақ басты, көз қысты әрекетке жол жоқ.

Қуаныш Шойнақов, Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Мемлекеттік бағдарлама аясында спорттық секциялар мен шығармашылық топтарды қаржыландыру көзделген. Соның аясында біздің Арыс қаласының кәсіпкерлері бүгінгі таңда бес тойхана кәсіпкерлігінің иелері нысандарын ауыстырып, бағдарлама аясында қаржыландыруға заявка енгізген. 

Бұрын кәсіпкерлер үшін табысты күреп табудың төте жолы тойханалар еді. Әлемді жайлаған індет елге де таралғандықтан жер-жерлерде тұралаған бұл бизнесті өзге де бағытқа үйлестірушілер көбейді. Әрине кіріс көзі салтанат сарайын басқарғандағыдай болмаса да әлеуметтік бағытқа арналған сала кәсіпкерлерді қызықтырды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов