БҚО-да Жұлдыз ауылының тұрғыны трактор құрастырып шығарды

Батыс Қазақстан облысында Жұлдыз ауылының тұрғыны трактор құрастырып шықты. Өнертапқыш жеңіл көліктің бөлшектері мен тұрмыстық жабдықтарды пайдаланған. Енді жаңа техниканы шаруашылыққа қолданып отыр.

Жанарыс бала күнінен шаруашылық техникасын жөндеуге әуес болған. Ол әдеті кездейсоқтық емес. Әкесі кез келген көлікті емін-еркін оңдай білген. Соның бәрін көріп өскен кейіпкеріміз нағыз шебер болып жетілді. Тіпті жарамсыз қалған жеңіл көліктердің бөлшектері мен шаруашылық жабдықтарын пайдаланып, шағын трактор құрастырып шықты. Ауыр техника сағатына 30 шақырым қашықтықты еңсереді. Жем-шөп, көң-қоқыс тасуға өте қолайлы.

Жанарыс Мұстажап, өнертапқыш:

- Енді мұның рамы «Таблетка УАЗ-дың» рамы. Соны кесіп, ортасынан жалғаған дүние. Бұның моторы, двигателі бұрынғы құдықтан су соратын «зид» моторы. Генераторы бұрынғы машинанікі советский. Коробка, рулевая колонкасы «жигулидікі» тұрған. Кабинканы өз қолымнан жасадым түгел. Пайдасыз болып қалған қаңылтырлар ғой.

Трактор мен тіркемесін құрастыруға 2 айдай уақыт кеткен. Темір бөлшектердің біразын ауыл тұрғындары өнертапқышқа тегін жинап берген.

Асылжан Сатқанов, Жұлдыз ауылының тұрғыны:

- Моторы бар ғой, «зит» моторы, соны бердім. Сұрап келді. «Осындай құрастырайын деп едім, бересіз бе?» деп. «Ойбай, ал» деп, бердік. Тегін бердім, иә. Сондай еңбекқор адам. Папасынан аумайды. Аңқылдаған, ақ жарқын адам енді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл тракторды айдау соншалықты қиын емес деседі. Қазір көрейік...Техника шаруашылыққа өте қолайлы. Мұны Жанарыс ғана емес, ауылдың барлық шаруалары керегіне жаратып отыр.

Жанарыс аулада тұрған ескі үш дөңгелекті мотоциклды де жаңартып алды. Оған шөп шабу құрылғыларын орнатып қойған. Бұл техника мал азығын дайындау жұмыстарын едәуір жеңілдеткен. Өнертапқыш шабындықтағы қызу еңбекті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Жаз бойы мотоциклдың көмегімен 36 бума шөп жинаған көрінеді.

Жанарыс Мұстажап, өнертапқыш:

- Бұл да «зид» моторы, трактордағыдай. Мынау әлді мотор былай. Мынау тырнауышы. Ана қардың астында орағы қалып қойды. Малға шөп жинадым әйтеуір азын-аулақ болса да. Мотоцикл жоқ уақытта сатып алып жүрдік қой (шөпті). Осыны құрағаннан кейін өзім шаптым.

Жанарыс енді жүк көлігін құрастырып шығуды жоспарлап жүр. Әзірге қолда темір бөлшектер жеткіліксіз. Әйткенмен, келешекте қажетті материалдар табылатынына сенеді.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов