Қорғаныс министрлігіне қарасты компания кәсіпкерлерге 2 млрд теңгедей қарыз

Елдің Қорғаныс министрлігіне қарасты компаниялардың бірі кәсіпкерлерге 1 миллиард 700 миллион теңгедей қарыз. Яғни мемлекеттік тапсырыс бойынша атқарылған жұмыстың ақысын төлемеген. Маңдай тер, табан ақысын екі жылдан бері ала алмай жүргендер бүгін Қорғаныс министрлігінің алдына жиналды. 

Қорғаныс министрлігінің алдына кәсіпкерлер Республиканың әр өңірінен жиналды. Барлығы «Әскери құрылыс Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшартқа отырып, жұмыс істеген. Бірі қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелердің құрылысына материал жеткізген, бірі әскери бөлімшеге ас-су жеткізген. Әйтеуір шама-шарқына қарай түрлі қызмет көрсеткен. Енді сол жұмыстың ақысын ала алмай сандалып жүр.

Бақытжан Книсарин, белсенді топтың мүшесі:

– Мен Ақтөбе қаласынан келіп тұрмын. Ақтөбеде Қорғаныс министрлігінің Т.Бигелдинов атындағы әскери иституты бар. Соған лифт қызметін көрсеттік. Маған 1 миллион теңге қарыз. Мен сияқтылар аз. Көбісінің 20 миллионнан 100-200 миллионға дейін қарыздары бар. Сондай жүз мекеме бар. Біздің қарыздарымызды төлеулері керек қой. Біздің де отбасымыз бар.

Дамир Сатыбаев, белсенді топтың мүшесі:

– Әскери құрылыс маған 99 миллион теңге берешек. Екі жылдан төлемей келеді. Мен оларға құрылыс материалдарын жеткізіп бердім. Қабылдаған құжаттары бар. Сот арқылы дәлелдедім. Бірақ нәтиже жоқ. Әр түрлі сылтау айтып созбалаңға салып келеді.

Бұл мәселе министрліктегілерге таңсық емес. Бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Әлі нәтиже жоқ. Бірақ осы жолы бас ғимарат маңына жиналғандардың алдына жаңа министр Руслан Жақсылықовтың өзі шықты. Жұртты көшеде даурықпай жылы жерде отырып, асықпай сөйлесуге, мәселені заң аясында шешуге шақырды.

Әңгіме Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың залында жалғасты. Мәселемен енді ғана танысып жатқанын айтқан водомства басшысы Қорғаныс министрлігі ешкімге қарыз емес деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Айтуынша, бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен мердігерлер арасында шешілуі тиіс азаматтық дау боп саналады.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

– Бұған дейін де айтқан болар. Тағы қайталаймын. Қорғаныс министрлігі «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамына бір тиын да қарыз емес. Біз өз тарапымыздан міндеттерімізді толық орындадық. Ал ол компаниямен мердігерлер арасындағы мәселе азаматтық құқықтық қатынас заңы бойынша тексеріледі. Қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер жауапқа тартылады.

Енді осы тұста заңды сұрақ туындайды. Министр сөз қылған «Әскери құрылыс» акционерлік қоғамы мемлекетке тиесілі. Жалғыз акционері – Қорғаныс министрлігі. Яғни ведомстваның тендер арқылы сатылымға шығарған тауар мен қызметтерін осы компания жеңіп алады. Сосын оны еншілес компаниясы «Әскери құрылыс Астана» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне береді. Міне, осы серіктестік мердігерлердің ақысын төлемеген.

Дамир Сатыбаев, белсенді топтың мүшесі:

– Қазір біз отырған мына ғимараттың шатырын жөндеуге мен өз қаржыма құрылыс материалдарын әкеп бердім. Ақкөлдегі әскери бөлімге де қажет заттарын жеткіздім. Бірақ маған бір тиын да төленбеді. Қорғаныс министрлігі өзіне қарасты компанияларды әр тоқсан сайын тексеріп тұрды ғой. Сонда олар қайда қараған? Қаржының қайда, қалай жұмсалғанын білмей ме? Осындай былықты байқамау мүмкін бе?

Бұл сұрақ министрді тығырыққа тірегені белгілі. Себебі қатысымыз жоқ деп қайда қашса да, борышкер компания осы ведомстваға тікелей бағынышты. Сондықтан жаңа министр қызметке енді келдім, компанияның қызметіне қатысты сұрақ көп. Мәселені шешу жолдарын бірге талқылау керек деп ақталды.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

– Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен бақылаушы органдардың қызметіне құқықтық баға беріледі. Бұл мәселе бойынша үкіметке хабар бердім. Шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Қаржы министрлігі де ат салысады. Бірақ мәселе қашан шешілетінін дәл қазір нақты айта алмаймын.

Бұл жерде кәсіпкерлердің министрлікке жалғыз талабы бар. Борышты жедел өтеу етеу. Сосын министрлік ішінде кінәліні анықтап, жазаға тартуды жалғастыра берсеңіз болады деп ашық айтты. Өйткені  мердігер компаниялар жұмысшысына жалақы бере алмай отыр. Салық, зейнетақы төленбеген. Тиісінше есеп шоттары бұғатталып, жұмысына шек қойылды.

Өз жұмысшыларыма, салыққа қарызым жоқ. Несие алып, барлығын өтедім. Бірақ менің жағдайымды, отбасымды кім ойлайды. Маған қарызды қашан өтейді. Жалақыны төлеу үшін былтыр екі миллион теңге несие алдым. Бір жылда үстіне 600 мың үстеме пайыз қосылды. Мұны есептеп жатқан ешкім жоқ.

Ашынған кәсіпкерлер осылайша министрден мәселені шешемін деген офицерлік уәде беруді сұрады. Ал Руслан Жақсылықов жұртты жақсылықтан үміт үзбеуге, бастаған істі аяғына дейін жеткізу үшін жеке бақылауна алатынын айтып сендірді. Келесі сенбіде белсенділермен тағы кездесіп, қандай ілгерілеу бар екенін талқылауға уағдаласып тарқады. 

Талғатбек Әбдіқожа, Арман Ақшабаев