Елорда әкімдігі сауда орталығының ғимаратын сатып алды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Sine Tempore сауда орталығының ғимаратын 9,5 млрд теңгеге сатып алды, деп хабарлайды «Хабар 24» әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Әкімдік мәліметінше, 30-дан астам ұйым мен басқармал жеке тұлғалардан үй-жайларды жалға алады. Ал оған кететін шығын жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық.

«Осы ұйымдардың түрлі аудандарда орналасқанын ескерер болсақ, басқармалар мен әкімдікке ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін жеке бір ғимарат қажет. Осылайша Sine Tempore ғимаратын сатып алу арқылы қаражатты үнемдеп қана қоймай, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді (ғимарат қалалық әкімдіктің жанында орналасқан)», ­– делінген ақпарда.

2020 жылы екі компания аталмыш нысанға бағалау жүргізген. Оның негізінде бір компания 12,6 млрд теңгеге бағаласа, екіншісі 11,7 млрд теңгені көрсетті.

«Ал 2021 жылы тағы бір тәуелсіз бағалау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 9,5 млрд теңге көрсетілген болатын.

Ұсынылған ең төменгі сомаға ғимаратты сатып алу қалалық мәслихаттың келісімімен жүзеге асырылды», – делінген мәліметте.