Қаңтар қақтығысында қамалғандардың туыстары Мәжіліс депутаттарымен кездесті

Қаңтар қақтығысына қатысы бар деген күдікпен Талдықорғандағы тергеу абақтысына қамалған азаматтардың туған-туыстары Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, бірнеше талап қойды. Олардың айтуынша, тергеу изоляторына жабылғандардың басым бөлігі – арандап қалған жастар.

Құзырлы орган қызметкерлерінің мәліметінше, осы оқиғаға қатысты 400-ден астам қылмыстық іс қозғалып, 142 адам қамауға алынған. Кәмелетке толмаған 8 жасөспірім мен 22 азамат оқшаулау орталығынан босап шықты. Бірақ олар үйқамақта болады. Өйткені қақтығыс кезінде 500-ден астам атыс қаруы қолды болды. Депутаттар жүргізіліп жатқан тергеу-тексеру шараларына түсіністікпен қарап, сабыр сақтауды сұрады.  Халықтың да билікке қояр өз талабы бар. Олар әрбір оқиға бойынша болған жағдайды қағазға түсіріп, депутатқа тапсырды.

Әсет Оңалбаев, қоғам белсендісі:

– Халықтың бірінші талабы – балаларын, әке-шешелерін, ағайын-туыстарын босату. Екінші талап – осының бәріне кінәлі адамдарды табу. Үшіншіден, халықтың қазіргі әл-ауқатын дұрыстау. Міне, халықтың талабы осы. Азаптауға қатысқан, жаңағы азаптаған кісілердің барлығын заң аясында соттау керек.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ешкім тасжүрек емес қой. Билікте де, қоғамда да, елдің ішінде де, құзырлы органдардың ішінде де ешкім жүрегіне тас байлап жүрген жоқ қой, ағайындар. Ешкім қоғамға қастық жасамайды. Ең бастысы – тергеу-тексеру әділетті аяқталсын. Ал жаңағы азаптауларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалып жатыр. Ол лауазымын асыра пайдаланған, кезінде ант қабылдап, погон киімін киген азаматтар жазаны иығымен көтеруі керек.