Шахталарда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаменті бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыра бастады. Қазір Қарағанды облысындағы екі шахтада жаңа біліктердің құрылысы жүріп жатыр. Өндіріс саласындағы стратегиялық маңызы бар жобалардың қалай жүзеге асып жатқаны жайлы тілшіміз айтып береді.

Бетоннан құйылған бұл вертикалды құдық – «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Тентек» шахтасының жаңа білігі. Оның диаметрі 8, ал тереңдігі 830 метр. Техникалық қауіпсіздік талаптарына сай салынып жатқан бұл нысан жер астындағы ауа циркуляциясын қамтамасыз етіп, жұмысшылар мен оларға қажетті материалдары тасымалдауды жеңілдетеді.

Төлеген Шаяхметов, «Арселормиттал Теміртау» компаниясының көмір департаменті, «Тентек» шахтасының директоры:

– Бұл шахта білігінің құрылысы көмір өндірісінің болашағы жарқын болуына өз септігін тигізеді. Өйткені біз сол арқылы 30 миллион тонна коксталған көмір қорын ашқалы отырмыз.

Күзембаев атындағы шахтада да жаңа білік пайда болады. Тереңдігі 560 метрлік бұл нысанның орны осыдан 25 жыл бұрын әзірленген еді. Бірақ ол кезде түрлі себептерге байланысты жұмысы тоқталылған болатын.

Сергей Шуберский, «Арселормиттал Теміртау» компаниясының КД Т.Күзембаев атындағы шахта директорының м.а:

– Шахтада 2018 жылдан бастап жаңа блоктарды дамыту жұмыстары қолға алынды. Мұндағы косталған көмір қоры шамамен 24 миллион тоннаға жуықтайды. Сондықтан шахтаны қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып игеріп, өндірілетін көмір көлемін арттыру үшін бұл желдеткіш білік бізге ауадай қажет.

Шахталардың жаңа білігі заманға сай өндіріс алаңдарымен және озық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары барысында да жаңа технологиялар қолданылып жатыр.

Тонких Василий, «Арселормиттал Теміртау» компаниясының көмір департаментінің Күрделі құрылыс бөлімінің басшысы:

– Мұндағы жұмыс істеу шарты өте күрделі. Алғашқы 100 метрді жерге тоң қатыра отырып қазуға тура келеді. Өйткені жан-жақтан су кетіп қалуы мүмкін.

Шахта біліктерінің құрылысын аяқтау үшін шамамен екі жылдай уақыт қажет. Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатына 80 миллион доллардай инвестиция тартылды.

Ардақ Айбарұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев