Қостанай облысында ауыл тұрғындары жалақының аздығына шағымданды

Қостанай облысында былтыр орташа жалақы 201 мың 272 тенге болыпты, ал ауыл шаруашылығы саласындағылар 133 мыңның төңірегінде алады. Статистикалық мәлімет осылай дейді. Бұл қаншалықты шындыққа сай келеді? Ауылда тұратындардың табысы, күнкөріс денгейі, тұтынушылық әлеуеті қандай?

Жітіқара ауданындағы Приречный ауылында қазір 330 адам тұрады. Әкімнің есебіне сүйенсек, оның 228-і экономикалық белсенді, яғни еңбекке жарамды жастағылар.Жұрт көшіп, әлеуметтік нысандардың дені қаңырап бос тұр. Тағы бір мәлімет, Приречный аумағында 1 ЖШС, 7 шаруа қожалығы, 11 жеке кәсіпкер бар екен. Бірақ ауылда екі дүкеннен басқа, кәсіпкерлік нысандарды байқамадық. Әлеуметтік нысандардан негізгі мектеп, фельдшерлік акушерлік пункт, әкімдік бар. Оларда 20 шақты адам жұмыс істейді.

Зауре Жанділдина бір жылдан бері мектепте гардероб қызметшісі болып жұмыс істейді. Алатын айлығым шайлығыма да жетпейді деп отыр.

Зәуре Жанділдина, гардероб қызметшісі:

– Айлығымыз мұнда 48 мың болған, қазір көтерді, 60 мың теңге аламын. Бұл ақша киім түгілі, тамаққа жетпейді. Күйеуім жұмыс істейді. Мал ұстаймыз. Сонымен күн көріп жатырмыз.  

Лиза Испанова 13 жылдан бері шағын орталықта тәрбиеші болып жұмыс істейді. Жоғары білімді педагог. Айлығы 150 мың тенге шамасында. Келер жылы осы табысымнан айырылып қалам ба деп қорқып отыр. Өйткені бала болмай орталық жабылып қалуы да ғажап емес. Ал күйеуі болса, маусымдық жұмыста.

Лиза Испанова, тәрбиеші:

– Менің айлығым – 150 мың. Күйеуім осы мектепте пеш жағушы болып істейді. Ол кісінің айлығы – 60-70 мың. Аз. Басқа жұмыс болмаса, қалада тұратын үйіміз болмаса, енді не істейміз? Соған да қанағат деп отырамыз. Мал-жан ұстамаймыз. Өйткені жем-шөп дегенің өте қымбат.

Бұл – ауылдағы екі дүкеннің бірі. Жергілікті халықтың дені мал ұстамағандықтан қаймақ, майын сатып алады екен. Кемі күніне 6-7 мың тенгеге сауда жасайды,–дейді. Борышкерлер дәптері мұнда әлі күнге бар. Көбі қарызға алатындықтан, солай амалдауға мәжбүр.   

Екатерина Середенко, сатушы:

– Жалақысы аз болғасын, енді қайтпек керек. Әрине, қарызға алады. Кейбіреулері қайтара алмай қиналады. Борышкерлер дәптерін тізіп отырамыз. Осының өзі ауылдықтардың табысы тым төмен екендігін айғақтап тұр ғой.

Жоғарыда айттық, Приречныйда еңбекке жарамды 228 адам бар. Есептеп отырсақ, шамамен 50 шақты тұрғын тұрақты жұмыста. Механизатор, малшылардың әр айға шаққандағы табысы 100 мыңға жетпейді. Сондықтан дәл Приречный ауылында орташа айлық 80 мың тенге маңайында.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг