Жаңа заң жануарларға деген жауапкершілікті арттырады

Келер жылдан бастап панасыз ит-мысық ұрықсыздандырылады. Бұл үшін республикалық бюджеттік комиссия жануарларды қорғауға бағытталған жаңа заң аясында 2 миллиард теңге бөліп отыр. Шараға жергілікті атқарушы органдар жауапты болады. Алайда бұл процедура қалай жүргізілетіні әлі белгісіз. Заң қабылданғанымен, оған қосымша актілер әзірленбеді. Сондай-ақ бұл құжат жануарлардың қожайындарына да біраз жауапкершлік артпақ. Оларды тіркеп қана қоймай, көшеге жалғыз жіберу қатаң бақыланады. 

Қоғам белсендісі Мира Назырханова жетекшілік етіп отырған мына панажай 2019 жылы ашылған. Мұнда 100-ге жуық ит пен 30 шақты мысық бар. Мемлекет тарапынан ұйымға ешқандай көмек көрсетілмейді. Бей-жай қарап отыра алмайтын жұртшылық болмаса, бұл орын мүлдем жабылып қалар еді.

Мира Назырханова, жануарлар панажайының жетекшісі:

– Біз мына панажайды ашу үшін саяжайды жалға алдық. Алайда жақын арада бұл ғимарат бұзылады. Біз қайда барарымызды білмей отырмыз. Бірақ бізге жәрдем бергісі келетін адамдар аз емес. Қиын кездерде қолдау көрсетіп отырады. Ал мемлекет немесе жергілікті атқарушы органдардардан ешқандай көмек алмаймыз.

Жаңа заңда жеке баспаналарға бюджеттен қаражат бөлу туралы норма бар. Алайда оған қол жеткізу оңайға соқпас.

Қуат Шумақаев, Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Жергілікті атқарушы органдар жеке жануарлар панажайын қаржыландыруға құқылы. Ол үшін заңға қосымша актіде жәрдем алатындарға бірқатар талап қойылған. Ең алдымен көмекке мұқтаж баспаналар тексерістен өтеді. Жануарларды қалай күтіп-бағып жатқаны қадағаланады. Жақсы күтім көрсететіндерге қаржы бөлінеді.

Қазір жеке панажайларда орын аз. Ал үйсіз-күйсіз жүрген жануарлар тым көп. Өкінішке қарай, арнайы қызмет мамандары оларды ұстап, атып тастайтын жағдайлар аз емес. Алайда заңда сай мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Тәртіпті бұзғандарға 60 мың теңге көлемінде айыппұл тағылады. Жаңа ереже бойынша ветеринарлар ит-мысықтарды стерильдеп, өзінің тіршілік ортасына жіберетін болады. Бірақ әзірге бұл процедураның қалай жүргізілетіні белгісіз.

Қуат Шумақаев, Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Жануарлар ауланғаннан кейін 5 күн ішінде олардың қожайындарын іздейміз. Егер иесі табылмаса, ит-мысықты стерильдеп, вакцина салғызып, далаға жібереміз. Бюджеттік комиссияның шешімі бойынша, келесі жылы оған 2 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа жергілікті атқарушы органдар жауап береді. Заңға қосымша актіде стерильдеуді жүргізетін ұйымдар көрсетіледі.

Өзінің иттеріне бей-жай қарайтын азаматтар да жауапқа тарылады. Жануарларды көшеге жіберіп қоятындар 30 мың теңге айыппұл төлейді. Аталған жаңашылдықтар наурыз айынан бастап күшіне енеді. Ал 2023 жылдан бастап әр қожайын өз жануарын тіркеуден өткізуге міндетті. Есепке қою тегін болғанымен, ветеринардың қызметін әркім өз қалтасынан төлейді. Әлеуметтік жағдайы нашар азаматтар бұл ретте әкімдіктің көмегіне жүгіне алады.

Дариға Ташенова, Диас Қобыланбаев