Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды: елордада карантин қалай жеңілдетілді

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды: елордада карантин қалай жеңілдетілді
Anadolu Agency

Елордада коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады. Осыған байланысты Нұр-Сұлтанда бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен бірқатар шектеу шаралары алынып тасталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова онлайн брифингте қаладағы карантин режимі қалай жеңілдетілгені туралы айтты.

Осылайша, «Ashyq» қосымшасында «жасыл» және «көк» статусы бар адамдарға (келушілерге) әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимін, күшейтілген санитариялық және дезинфекциялық режимін сауда үйлерінде, азық-түлік емес және азық-түлік сауда желілерінде, бассейндерде, түнгі клубтарда, караоке және басқа да бизнес нысандарында сақтай отырып, шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.

«Көрмелерді, марафондарды, спорттық, салтанатты, естелік, отбасылық іс-шараларды (банкеттер, еске алу), конференцияларды, форумдарды, ойын-сауық, ұжымдық діни шараларды және адам көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға, өткізуге және баруға рұқсат етіледі. Ұйымдар мен кеңселердің офлайн режимде жұмыс істеуіне шектеулер алынып тасталды, ауру белгілері болмаған жағдайда («Ashyq» жобасынан «сары» статусын алып тастау) үй карантиніне байланыстағы адамдарды оқшаулау тоқтатылды», ­– деді елорданың санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар, балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне білім беру ұйымдарының ғимараттарына кіруге рұқсат етіледі.
Сархат Бейсенова өз сөзінде коронавирустық инфекция бойынша науқастардың азаюына және карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне қарамастан COVID-19 ары қарай да таралып, мутацияға ұшырайтынын еске салды.

«Соңғы рет жүргізілген секвенирлеу нәтижелері бойынша осы жылдың қаңтар айынан бастап елордада омикрон-штамм басым болды, сол сияқты қалада 29,4%-те дельта штамы айналымда жүр, ол өлім көрсеткішінің артуын, ауру ағымының аса ауыр түрлерін туындатады», – деп атап өтті ол.

Елорданың санитарлық дәрігері қала тұрғындарын мүмкіндігінше тезірек вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды, өйткені вакцинация арқылы иммундау ғана қауіпті вирустан қорғауға көмектеседі.