Жер дауы: Оралда 400-ге жуық отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

Оралда 400-ге жуық отбасы баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Еске сала кетейік, қалада жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер жер дауына байланысты кері сүрілуі мүмкін екенін айтқан едік. Өйткені ғимараттарға жақын маңдағы ет өңдеу өкілдері құрылыс жұмыстары санитарлық аумақта жүргізілгенін айтып, сотқа арыз түсірді. Содан бері тұрғындардан маза қашты. Дау-дамай оңтайлы шешілмей келеді. Әр тараптың айтары басқа. 

Динара «Циолковский» тұрғын үй кешенінен ипотекалық несие арқылы пәтер алған. Банкке берешегін алдағы 15 жыл бойы төлейді. Тұрғын үй кешенінде 4 көпқабатты үй бар. Біреуі қолданысқа берілсе, екіншісі жақын арада тапсырылады. Ал қалған екі нысанның құрылысы тоқтап тұр. Өйткені нысандар ет комбинатының санитарлық аумағында орналасқан болып шықты. Соттың шешімі де осындай.

Динара Исабекова, қала тұрғыны:

– Біздің құжаттарымыз қалаған уақытта күшін жояды. Біз содан қорқамыз. Күтіп отырудан да шаршадық. Мүгедек жандар бар, жалғызбасты аналар бар үйімізде. Бізді ешкім сотқа шақырған да жоқ. Соттың болып жатқанын айтқан да жоқ. Сондықтан біздің құқығымыз қорғалмаған.

Жер дауы салдарынан 400-ге жуық отбасы тығырыққа тіркелді. Құрылыс басталғалы бері үш рет сот отырысы болды. Алғашында ешқандай заңбұзушылық болмағаны жөнінде шешім шығарылған. Кейін ет өңдеу кәсіпорнының өкілдері облыстық сотқа шағым түсірді. Сол кезде құрылыс заңсыз деп танылды. Алайда дай-дамай әлі тарқамай тұр. Тараптар пікірі сан түрлі.

Талғат Берекешов, ет өңдеу кәсіпорнының директоры:

– Біз 2020 жылдан бері құрылысты тоқтатуға күш салдық. Мен сәулет және құрылысты бақылау басқармасына да, қала әкіміне де жолықтым. Облыстық соттың шешімінен соң жағдай оңала қойған жоқ. Құзырлы органдар ешқандай әрекет жасамады. Кейін Үкіметке шағым білдірдік. Ол жақтан 2 инспектор келіп, мән-жайды саралаған соң, өрескел заңбұзушылық болғанын растады. Содан кейін ғана құрылыс тоқтатылды. 2014 жылы Үкіметпен бекітілген қаланың Бас жоспарында бұл аумақ өндірістік орынға тиесілі екені көрсетілген. Ол жерді әкімдік тұрғын үй салу мақсатында қолдана алмайды.

Виталий Кленин, құрылыс компаниясының өкілі:

– Үкімет бекіткен қаланың Бас жоспарында ол жерде жол қиылысы мен тынымбақ көрсетілген. Ал зауыт жоқ. Өндіріс орны Бас жоспарға сәйкес салынбаған. Егер жер телімі біреуге тиесілі болса, құрылыс компаниялары ол жерге ғимарат салуға рұқсат ала алмас еді. Біз ет өңдеу кәсіпорнына да, құрылыс компаниясы мен тұрғындарға да қолайлы болу үшін жергілікті атқарушы органға егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын қайта дайындауды ұсындық. Сәулет және қала құрылысы заңнамасы бойынша әкімдік ол құжатты қайта қарауға құқылы.

Зауыттың дәл іргесінде бұрыннан тұрған баспаналар да бар. 80-жылдары салынған кейбір үйлердің өндіріс орнынан қашықтығы 100 метрге де жетпейді. «Істі қарау кезінде дәл осы жайттар ескерілмей қалған» дейді арнайы сарапшылар кеңесінің мүшелері. Олар жаңа тұрғын үй кешені салынған жер телімі кәсіпорынның санитарлық аумағына жатпайтынын айтты.

Болат Қасымов, ҚР ИИДМ «Адалдық алаңы» сарапшылар кеңесінің төрағасы:

– Комиссия кәсіпорында санитарлық аймақтың нақты шекарасы көрсетілген құжат жоқ екенін анықтады. Біздің негізгі міндет – барлық тарап үшін оңтайлы әдіс табу. Санитарлық аймақты бекітудің, тіпті қажет болса көлемін тарылтудың заңды жолдары бар. Ет өңдеу зауытының өкілдерін комиссия жұмысына қатысуға сан мәрте шақырдық, бірақ олар келген жоқ.

Жоғарғы сот облыстық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, құрылыстың заңсыз екеніне тоқталды. «Әйткенмен олар тұрғын үйлерді кері бұзуға қатысты ұсыныспен келіспейді» дейді әкімдік өкілдері.

Асхат Құлбаев, қала әкімінің орынбасары:

– Бұл жерде үш тараптан да қателік бар. Құрылыс компаниясы құжаттарды толық рәсімдемей жатып тұрғын үй салу жұмыстарын бастап кеткен. Ал ет өңдеу зауыты 2015 жылы іске қосылған кезде санитарлық аумақ шекарасын ресми бекітпеген. Жергілікті атқарушы орган да сол уақытта бұл жағдайды назардан тыс қалдырған. Қасақана ма, әлде байқаусыз да ма, оны нақты айту қиын.

Аталған іске қатысты материалдардың барлығы сарапшылар кеңесінің сайтында жарияланып, қазір қоғамдық талқыға салынып жатыр. Кез келген адам 28 ақпанға дейін пікір қалдыра алады. Сонымен қатар сот актілерінің күшін жою туралы құрылыс компаниясы мен тұрғындардың Жоғарғы сот төрағасына жазған шағымы қаралу үстінде. Даудың нүктесін Жоғарғы соттың кассациялық сот алқасы қоя алады.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов