Тауарларға қосылатын 15 проценттік үстеме ақы өте аз – Өскемендік кәсіпкерлер

Өскемен қаласының кәсіпкерлері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың белгіленген шектік бағасына келіспей отыр. Олар 15 проценттік үстеме өте аз деп есептейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бұл мөлшерді көбейту керек деп ұсыныс білдірді. Бағаны кәсіпкерлер қымбаттатса, мониторингтік топтар тарапынан айыппұл салынады ма деп те қауіптенетінін жасырмайды. Үй жанындағы дүкендерді ірі сауда үйлерімен теңестіріп қойды. Осылай деп даурыққан шағын кәсіп иелері қала басшылығына шағымданды. 70-тен астам кәсіпкер 15 проценттік үстеме ақыны қайта қарауды сұрады.

Владимир Бердник, ШҚО сауда кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы:

– Мысалы, қантты бізге 345 теңгеден әкеледі. Ал супермаркенттерде 350 теңгеден сатылып жатыр. Өйткені олар көп көлемде сатып алады, сондықтан жеңілдік жасалады. Оларға мемлекеттен де қолдау бар. Тиісінше табыстары да бізден көп болады.

Кәсіпкерлер азық-түліктің сатып алу құны да қымбаттап жатқанын айтып отыр. Оның үстіне биылдан бастап жылдық айналымы 61 миллион теңгеден асатын микробизнес иелері де қосылған құн салығын төлеуге міндеттеледі. Осыны ескерген шағын дүкен иелері сұранысқа ие азық-түлік түрлерінің бағасын белгілеуге қатысты меморандум жасауды ұсынды. Алайда қалалық әкімдік өкілдері мұндай келісім жасаудың мән-маңызы жоқ деп отыр.

Арман Ысқақов, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

– Мониторингтік топ тарапынан ешқандай қысым болған жоқ. Олар заң шеңберінде 15 проценттік үстемақыны қолданулары тиіс. Бұрын сүтті 280 теңгеден алып, қазір ол 5 теңгеге қымбаттаса, тиісінше олар да тауар құнына 5 теңге қоса алады.

Сонымен қатар кәсіпкерлер сауда нүктелеріндегі тұрақтандыру қорының тауар түрлерін көбейтуді сұрады.

Светлана Пинн, кәсіпкер:

– Егер біз 15 процент үстемақыны қолдану керек болсақ, онда әлеуметтік дүкендерге жасалған қолдау бізге де мемлекет тарапынан жасалсын. Сол кезде әлеуметтік бағамен жұмыс істеуге болады.

Айта кетейік, алдағы жарты жылда Өскеменде тұрақтандыру қоры павильондарының саны үш есеге артады, бірақ сатылатын өнімдер ассортиментін кеңейту жоспарда жоқ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин