Талдықорғанда журналистер екі айдан бері жалақы алмаған

Талдықорған газетінің журналистері жыл басынан бері жалақы алмаған. Екі ай бойы тегін еңбек етіп, баспаханаға қарызданып қалған басылым тура 30 жылдық мерейтойы күні өз жұмысын тоқтатты.

Газет ұжымында бүгін 30 жылдық мерейтойға арналған салтанатты шара болуы керек еді. Бірақ оның орнына жалақы мәселесі көтерілген, көз жасы төгілген жиын өтті.

Данагүл Мәкен, тілші:

– Мен осы жерде 30 жыл жұмыс істедім. Ішімнен шыққан бала сияқты, әрбір саны қымбат. Газет қазір тоқтап тұрғаны – біз үшін өте өкінішті жағдай. Соның бәрі қаражатқа келіп тіреліп тұр. Әрқайсымыздың үйге баруға бетіміз жоқ.

Айдын Кәлімхан, тілші:

– Бірнеше жыл болды, тендер деп тентіретіп жіберді. Өткен жылы төрт ай жалақы алған жоқпыз. Жылдың соңында там-тұмдап алдық. Жыл басынан бері айлық ала алмай жатырмыз. Сонда да газетті еш ақсатпай алып келдік бүгінгі күнге дейін. Ұжымдағы кейбір қыздар жаяу келуге мәжбүр, үйінен тамақ әкелуге мәжбүр. Зат бағасы болса мынау, оны тежеп жатқан ешкім жоқ.

Қалалық әкімшіліктің қарамағында болған басылым өткен жылы сатылымға шығарылған. Оны газеттің бас редакторы Гүлжанат Нұршанова сатып алғанымен төрт айдан бері әділет департаментіне тіркей алмай жүр. 

Гүлжанат Нұршанова, газеттің бас редакторы:

– Талдықорған қалалық әкімдігі аппараты сатушы жақтың қарызы бар деп біз сатып алушы жақ тіркелмейтінін хабарлады. Өйткені заң бойынша сатушы да, сатып алушы да қарызы болмауы керек еді. Сатушы жағынан қарыз болғаннан кейін тіркелмедік.

Басылымның баспахана алдында да берешегі бар. Газеттің осыған дейінгі сандары қарызға шығарылып келген. Енді одан ары қауғаланып  қалмас үшін  редакция жұмысын тоқтатты. Әкімдіктегілер мұндай жағдай мемлекетік ақпараттық тапсырыс заңының өзгеруіне байланысты туындады деп отыр.

Әділет Рымтаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Бұрын мемлекеттік тапсырыс арқылы өткізіліп келген байқауларымыз биыл бір көзден бір ұйымдастырушы арқылы өткізілуі керек. Бұл жерде енді Алматы облысы бойыша облыстық ішкі саясат басқармасы бүкіл облыстағы аудан, қалаларға ұйымдастырып, осы жеңімпазды анықтап беруі керек болатын. Жаңа әдістемеге сәйкес. Әдістеменің құжаттамалары даярланып жатыр.

Талдықорған газетімен қатар жекменшікке өткен өзге аудан, қалалық басылымдар да қаржылық қиындыққа тап болды. Енді олар конкурс ойнатылып, оның жеңімпазы атанса ғана бөлінген қаражатқа қол жеткізе алады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев