Украинадағы қазақстандықтарды эвакуациялау жалғасуда

Елшілік мәліметіне сәйкес, бүгін Львов қаласынан Польшаға қарай кезекті автобус аттанған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда 18 адам бар. Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Кәлетаев қазір дипломатиялық миссия өкілдері өзге азаматтарды да эвакуациялау үшін жасыл дәліздердің құрылуын күтіп отырғанын айтады.

Дархан Кәлетаев, ҚР Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазір нақты азаматтардың, байланыста отырған азаматтардың саны 200-ге жақын. Арасында ойланып отырғандар бар. Ал Сумы, Николаев, Херсон деген қалаларда оқыс жағдайлар. Сондықтан оларды шығаруға қазір мүмкін болмай тұр. Қазір Түркия елінінің, Өзбек елінің елшілігімен қосылып, жасыл дәлізді күтіп отырмыз. Жасыл дәліз ашылғаннан кейін сол азаматтарды шығаруға мүмкіндік болады.

Айта кеткен жөн, бұған дейін Украинадағы Қазақстан азаматтары елімізге 3 ұшақпен жеткізілген. Сөйтіп отанына 430-дан аса қазақстандық оралған еді.