Ақтөбеде коммуналдық қызмет көктемгі қар суына төтеп бере алмауы мүмкін

Себебі қаладағы су ағызу жүйесі талапқа сай емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны жауапты мекеме өкілдері де мойындап отыр. Қазірдің өзінде қар еріп, жаңбыр жауып, қала көшелерін су басты.

Қаланың коммуналдық қызметі үшін, биыл көктемгі науқан әдеттегіден ерте басталды. Ауа райы күрт жылығандықтан соңғы бір аптада су сорғылайтын көліктер тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Алайда кеше кешкілік басталған жауын-шашыннан кейін барлық арнаулы техниканы шығарылды. 

Еріген қар суын сорғызуға  110 ассенизаторлық машина, 10 автоцистерна мен 2 жылжымалы сорғы станциясы шықты. Бұдан басқа 20-дан астам кран, экскаватор мен өзге де ауыр техника жұмыс істеп жүр. Бірақ тұрғындар көл-көсір боп жайылған судың азайып жатқаны байқалмайды дейді.

Блиц:

- Мына жатақханада тұрамыз. Біз барамыз дегенше аяғымыз су болады.

- Ақтөбеде әрқашан осылай ғой. Көктем келген сайын осы. Қалаға өзгеріс енгізу керек.

Ситуациялық орталыққа таңертеңнен бері жүздеген тұрғыннан өтініш түскен. Бұдан басқа су басу қауіпі жоғары  43 учаске бақылауда. Қажет болған жағдайда ассенизаторлық машиналар жіберіледі. Жеке баспана иелеріне ауладағы қарды дер кезінде шығару керектігін еске салып отыр.

Серік Дәулетов, қала әкімі аппаратының тж бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні 160 мың куб қар шығарылды. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда. Москва ауданы толықтай бітті.

Шенеуніктер шаһардың коммуналдық қызметі көктемгі қар суы мен жаздың нөсер жауынына төтеп бере алмайтынын мойындайды.  Себебі қаладағы су ағызу  жүйесі талапқа сай емес. Былтыр басталған суағар құрылысы әлі толық  біткен жоқ.  Бұл жұмыстар  жалғасын тапса ғана,  тұрғындарды титықтатқан проблема шешілуі мүмкін. Ал әзірге су кешуге тура келеді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков