СҚО-да туризм неге тұралап тұр?

Айыртау - Солтүстік Қазақстан облысындағы туристік әлеуеті зор жалғыз аудан. Бірақ теріскейдегі қысқы туризм тұралап тұр. Бұл өңірде Шалқар-Имантау курортты аймағы бар. Алайда қар жауғанда көрікті өлкенің туристік бизнесі тоқтайды. Қазір 40-қа тарта демалыс орнының 8-і ғана жұмыс істейді.

Шалқар-Имантау курортты аймағы елордадан 400, ал облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Көкшетауға тіпті тиіп тұр. Арасы небәрі 90 шақырым ғана. Өлкенің басты ерекшелігі – Шалқар атаулы тұзды көл. Бірақ қыстыгүні бұл жаққа кісі бара бермейді. Арақашықтықты алыстатып тұрған жолдың нашарлығы. Нақтырақ айтсақ, оны жиі қар басып қалады. Турист түгілі осындағы демалыс орындарының күзетшілері мен от жағушылары да кейде қар құрсауында қалып қояды. 

Роман Сидякин, демалыс орнының қызметкері:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, біздегі жолдың жағдайы міне осындай. Мұнда тек жазда ғана келуге болады. Ал қысқы туризм мүлдем дамымаған. Осылай қар басып қалған кезде жолды демалыс орындары өздері техника жалдап тазалатады. Мысалы, мына жол ашық болған. Боран болған соң жиі жабылып қалып отыр. 

Жұмысшының сөзінше, мұнда қыстағы жағдай осындай екенін көбі біледі. Сондықтан балықшылардан басқа ешкім аяқ баспайды, дейді ол.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Біз қазір Шалқар көлінен шамамен 6-7 шақырым жерде тұрмыз. Ол жаққа қарай апаратын жол жабық болғандықтан онда өте алмадық. Ал көл маңында бірнеше демалыс үйі бар. Енді қазір көлді айналып, басқа жағынан келуге тырысамыз.

Жол-жөнекей көл жағасынан санаторий салып жатқан кәсіпкерлердің бірін кездестірдік. Туристік бизнеске енді ғана бет бұрған кәсіп иесі мұнда қандай жағдайға қарамастан қысқы туризмнің дамитынына сенемін дейді. Сол үшін де бұл салаға қорықпастан 1 млрд теңгеге жуық қаржы құйғанын айтады. 

Ақан Жанпейісов, кәсіпкер:

- Күнде осылай болады екен деп ойламаңыздар енді. Бұл енді ақпанның ақ бораны бүкіл елде неғып тұр ғой. Ақпан мен наурыздың ортасында осындай екі күннің бірінде десе болады жел соғатын. Ал негізі қаңтар, желтоқсан тып-тыныш. Жол ашық. Енді акимат мынау негізгі жолды тазалайды. 

Көлдің келесі бетіне өтіп, жолы таза, қақпасы ашық бір ғана демалыс орынын кездестірдік. Алайда оның өзінде демалушы жоқ. Нысанның басында тіпті қожайыны да  болмаған соң ешкіммен тілдесе алмадық. Сөйтіп, аудан орталығына бет алдық. Мұндағы туризмге жауаптылардың айтуынша, қыста жұмыс істейтін санаулы ғана туристік нысанның дені Имантау көлінің маңында орналасқан. Ал жалпы туризмнің дамуына бірқатар кедергілер бар. Солардың бірі ерекше қорғаудағы жерлерді жалға алудағы мәселелер.

Аманбек Махметов, Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің жетекшісі:

- Қысқа мерзімге берілетін жерлерде су құбырын қазуға, я болмаса кәріз құдықтарын қазуға рұқсат етілмейді. Ал ұзақ мерзімге берілгендерде әрине оны істеуге болады. Қазіргі кезде ең көкейкесті мәселелердің бірі боп, осы мәселе бізде туындап тұр. 12 демалыс орталығы қысқа мерзімге берілген. Енді бұл ұсынысты біз негізі Мемлекеттік ұлттық табиғи паркке де, комитеттің деңгейіне де көтеріп жатырмыз. Өйткені қысқа мерзімге берілген жер аумақтары тиімсіз. Сондықтан ұзақ мерзімге берсе деген ұсыныстар бар. 

Ал басқа да инфрақұрылымдарға келер болсақ, бұл бағытта соңғы жылдары біраз жұмыс атқарылып, көптеген жол жөнделді, дейді жергілікті билік өкілдері. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Шалқар-Имантау курортты аймағын дамыту мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, 2025 жылға дейін бұл өлкеге 24 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланыпты. Жауаптылар аталған жобаның аясында туризмді дамытуға бар күшімізді саламыз, деп сендіріп отыр. 

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко