Петропавлдық 75 жастағы әже – немерелерінің жеке жүргізушісі

Қызылжарлық әже әлі күнге дейін көлік жүргізеді. 75 жастағы Зәуре Мәдиева куәлігін зейнетке шыққаннан кейін алған. Оның рөльге кеш отыруына не себеп болды?

Таныс болыңыздар – Зәуре Мәдиева. Кішкентай ғана көлікті тізгіндеген әжейді қалада көбі таниды. Жүріс көп. Қонаққа барудан бұрын, немерелерінің жеке жүргізушісі. Сабаққа апарып әкелу оның мойнында. 

Зәуре Мәдиева, қала тұрғыны:

- Бірінші сыныпқа кішкентайды апарамыз. Ал ортаншы бала түстен кейін оқиды. Мен оны түстен кейін сабақтан аламын. Сосын жұма күні үйге өзіммен аламын.

Ол рөльге отырам деп ешқашан да ойламаған. Осыдан 12 жыл бұрын кенеттен күйеуі қайтыс болып, көлігі қалды. Зәуре Мәдиева оны қимай, 63 жасында оқуға жазылып, жүргізуші куәлігін алды. Бұған бастапқыда балалары қарсы болған.

Ерлан Мәдиев, ұлы:

- Бұл көлік дүниеден өткен әкемнің көзі секілді. Сондықтан анам оны сатқысы келмеді. Оқып, жүргізуші куәлігін алды. Әрине, бастапқыда алаңдайтын едік. Қазір қалаған жеріне өзі барып келеді. Бізге де, оған да ыңғайлы.

Қазір зейнеткер үйінде отырмайды. Бос уақытында құрбыларымен анда-мында барып келеді. Тіпті, жақын маңдағы ауыл-аймақтарға да шығады.

Екатерина Кириченко, қала тұрғыны:

- Екеуміз саяжайға, театрға барамыз. Дүкен, базарларды аралап келеміз. Құрбымның көлігі жарап тұр. Бір жаққа барып қайтайық десем болды, келе қалады.

Зәуре Мәдиева – ардагер ұстаз. Қазір жалғыз тұрады. Бірақ үйінен қонақ үзілмейді. Демалыс күндері балалары мен немерелері келеді. Сағынса өзі де барып қайтады. Көлігі аулада тұр.   

Айдарбек Айтұхамбетұлы, Руслан Әлиев