Жайылым мәселесі шешімін табар емес 

Астығы мол Ақмола облысында мал жаятын жер қалмады. 7 ауданда өріс мүлдем жоқ. Солардың бірі Зеренді. Мұндағы бақташылар малды үйдің іргесінде ғана бағады. «Көз тайса, аяқты неме егінге түседі. Өйткені ауылдың айналасы түгел егін», - дейді, олар. Ал егістік алқаптары жыл сайын ұлғайып барады. Осы Зеренді ауданына қарасты Ақадыр ауылына барған тілшіміз Дамир Берікұлы да малдың жайын көріп, түңіліп қайтты.

Ақадырлық Әдебият Сағидолла, мал шаруашылығымен 30 жылдан бері шұғылданып келеді. Бірақ, соңғы жылдары ата кәсіппен айналысу қиын боп кетті, - дейді, еңбекқор азамат. Басты себеп – жайылымның жоқтығы. Шаруаның жеке өзінде бір үйір жылқы бар. Ол енді «несиемен бастаған бизнесім, құрдымға кете ме» - деп алаңдайды. 

Әдебият Сағидолла, Ақадыр ауылының тұрғыны:

– Жазда енді қиналамыз. Мына маңайдың бәрі егін. Осыған мал түсіп кетпесін деп, күні-түні ұйықтамаймыз. Кіріп кетсе, штраф салады. Олар егінін алып кетеді. Бидай да, сабан да қалдырмайды. Керек болса, жыртып алып кетеді. Бәрін жыртып тастайды. Мал жайылымы жоқ.

Жалпы Ақадыр ауылында 100 шақты түтін бар. Елді мекенде мал көп. Ауылдықтар 1 мың басқа жуық ірі қара, 3 мыңдай қой және бірнеше үйір жылқы ұстап отыр. Ал, олардың бәріне жайылым жеткілікті болу үшін 7 мың гектарға тарта жер қажет.

Үмбет Қайбарұлы, Ақадыр ауылының тұрғыны:

– Мына маңайдың бәрін аннан-мыннан ана ферма, мына ферма келіп жыртып жатыр. Жайылым тарылып, қазір шабындық жер де жоқ шабатын. Шабындыққа да барып жатыр. Президенттің де айтқаны бар ғой, 5 шақырымға дейінгі жерді жыртуға, егін салуға тыйым салынған деген. Сондықтан, мына ауылдың маңайына 5 шақырым жер жайылымдық жер қалдыру керек деген, тек менің емес, бүкіл ауылдың тілегі осылай.

Ал аудандық әкімдіктегілер, мұндай мәселенің бар екенін мойындайды. Бірақ, егіншілерге берілген жерді заң бойынша қайтарып алу қиын екенін айтады. Тек бірнеше жыл игерілмей жатқан алқаптарды ғана олардан тартып алуға болады. Дегенмен, бұл сұрақтың шешімін басқа жолмен шешеміз, - дейді.

Серік Сабыров, Зеренді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

– Біз егін егетін серіктестіктің басшылығымен кездесіп, мынадай ортақ шешімге келдік. Ол өзі жалға алған жердің 1067 гектарын Ақадыр ауылының малын жаюға беретін болды. Аталған жер елді мекеннің дәл іргесінде тұр. Ал, басқа ауылдардағы жайылым тапшылығына келсек, оларда да осындай ірі шаруашылықтармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Алайда бұл уақытша ғана амал. Ал мұндай жағдай барлық ауданда бар. Сондықтан аталған мәселе қазір облыстық әкімдіктің де бас ауруына айналып отыр. Себебі, «былай тартса, өгіз өліп, былай тартса, арба сынадының» кері. Ал, егінші мен малшының да жағдайын жасап, көңілін табу үшін қолданыстағы заңнаманы өзгерту керек. Өйткені, игерілмей жатқан жердің өзін мемлекет иелігіне қайтару үшін бір емес, бірнеше жыл уақыт қажет. Одан қалды егістік жерлерінің мақсатын «жайылым» деп өзгерту де мүмкін емес,– дейді жергілікті билік өкілдері.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко