2025 жылға дейін 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ

2025 жылға дейін 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ

Жаңа жұмыс орындарын құру 80 жобаға жеңілдетілген шарттармен бюджеттен несие беру есебінен жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«2025 жылға дейін 23 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктер бойынша, шикізат өнімі негізінде жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдігін құру жоспарда бар», — деді вице-министр.

Айта кеткен жөн, 2022 жылдың басынан бастап мемлекеттік ынталандырудың тағы бір жаңа тетігі – өнеркәсіптік грант енгізілді. Аталған шара 50%-ға дейін қоса қаржыландыру шартымен кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын технологиялық жетілдіруге бағытталған. Өнеркәсіптік грант беру кәсіпорындардың экспорт көлемін 10%-ға арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Сонымен бірге бүгінгі таңда ірі компаниялар қызметкерлерінің жалақысын салалық орташа деңгейге көтеру бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Жыл басынан бері тау-кен металлургия кешені қызметкерлерінің жалақысы 23%-ға, химия өнеркәсібі мен құрылыс саласында — 15%-ға, машина жасау саласында — 16%-ға және жеңіл өнеркәсіпте —18%-ға артты», — деп атап өтті М. Қарабаев.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасатын болады.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі