Қызылорда облысында жайылымдық жер тапшы

Қызылорда облысында жайылым тапшы. Жалпы, соңғы жылдары аймақтағы 7 ауданның бесеуінде ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық егіс алқабы мен жайылымның пайдаланылмай жатқаны анықталып отыр.

Қазалы ауданының іргесіндегі Ғани Мұратбаев ауылында 20 жылдан бері мал бағумен айналысатын Гүлсім Бодықова шабындық жер табудың қиындап бара жатқанын айтады. Өткен жылы киік тәріздес еділбай қойын жерсіндірген шаруа алғашқы төл алудың қамымен зыр жүгіріп жүр. Бірақ бір қуаныш, бір қайғы. Мал басы өскенімен оған жем-шөп тауып беру тауқыметі тағы бар. Осы мәселелерді аудандық, облыстық деңгейдегі мінберлерде талай айттым. Алайда әзірге өріс кеңейтудің орайы келмей тұр дейді, - малшы.   

Гүлсім Бодықова, шаруа қожалығының төрағасы:

– Қазір сиыр саны 50-ге барып тұр, жылқы саны 2 үйір, қойдың бағыты 3 жүздей, түйе саны сол 50-дің шамасында болады енді. Жалпы жайылымдық жер жоқ бізде, өте аз. Ғ.Мұратбаев елді мекені қазір ұлғайып келе жатыр. Алысқа кетпей жақын ауылдан берсе де барып шөпті шауып алатын.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

– Дария бойындағы бірнеше ауылдық округтерде жайылымдық жерлер жоқ. Кезінде күріш, егін шаруашылығына беріліп кеткен. Бұған енді басқа ауданның қосалқы жер қорларынан яғни мемлекеттік қордан жерлер табыстаймыз. Мал басын көбейтуге ешқандай кедергі жоқ. Ең үлкен кедергі осы несие алу барысында.

Несие алып, мал өрбітуге бел буғандардың біразы жобасын жарты жолдан тастайды. Өйткені ауылдағы жылжымайтын мүліктің құны өте төмен бағаланады. Тиісінше жеңілдетілген процентпен берілетін қаржы да көзден бұл-бұл ұшады. Іскер әйелдер жиынында малды суарудың өзі өзекті мәселеге айналғаны да айтылды. Өткен жылғы қуаңшылықта жем-шөптен бөлек тіршілік нәрінің тапшылығы шаруаның тірлігін теңселтіп кеткен.   

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

– Биыл 4 ұңғымаға республикадан қаржы сұрап отырмыз. Биыл 25 құдықтың жоба-сметалық құжатын жасауға облыстан 42 млн тг ұсыныс беріп отырмыз. Одан бөлек ҚазСушар мекемесімен аудан тұрғындарының өтінішіне сәйкес Әйтеке би кенті тұсындағы Құмкөл деген көл бар Басықара каналынан су алып отырған соған жеке азаматтар өз күшімен канал тартты.

Сонымен жалпы Қызылорда облысы бойынша 3 жарым миллион гектар жайылымдық жер жетіспейді. Алып атырапты мекендесек те неге жер жоқ деген шаруа көкейіндегі сауалдың жауабы әзірге табылмай тұр.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев