Маңғыстау облысында карьерден ұшқан шаң көз ашқызбайды

Қыстың көзі қырауда ауыл үйді қар әбігерге салса, Маңғыстаудың Бесшоқысын құм басып жатыр. Жай ғана құм емес. Көзді ашқызбайды. Себебі бораған құмның құрамында радиация бар дейді тұрғындар.

Мұның бір себебі ауылдың іргесінде карьер қазылып жатыр. Бірақ әзірге жұрттың шағымына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. 

Жұмахан Қарабаев наурыздың басында болған шаңды дауылдан кейін ауласы қара-қызыл топыраққа көміліп қалғанын айтады. Бірден өндірістік аймақта қазылып жатқан құм екенін байқаған. Бұрын ол жерде зиянды қалдықтар жиналған.

Жұмахан Қарабаев, ауыл тұрғыны:

- Сол күннен бастап көзім ашып ауырды, көзім әлі қып-қызыл, ауру жоқ еді, қазып жатыр дейді көміп қойған жерді, содан келіп жатырған топырақ. Шарасын барлайтын адам жоқ па? Зиян ғой халыққа.

Ауыл тұрғындары мәселеге қатты алаңдаулы. Айдың, күннің аманында денсаулықтарына қауіп төніп тұр деп уайымдайды.

Бағила Палбекова, ауыл тұрғыны:

- Бізде мың жарымдай қожалық тұрады, солардың құдықтарындағы суды бүлдірді. Үйімізге 2 есік болса да даладай болып, құм төгілді. Құмның составын химикат екенін білеміз. Келіп, құдықтарымызды тексеріп, залалды тексерсін.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Бесшоқы тұрғындарының айтуынша, ауылдан 1 шақырым қашықтықта орналасқан осы жердегі құм желмен ұшқан. Бұл аумақта ертеректе күкірт қышқылы зауытынан шыққан қалдықтар көмілген. Құмның құрамының 70%-і темірден тұрады. Қазір бұл жердегі радиация мөлшерін тексеруге мамандарды шақырттық.

- Осы жердің радиациялық фоны 0,10 микрозиверт. 

Гүлім Ұлықпанова, экология департаментінің бөлім басшысы:

- Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-талдамалық бөлімдерімен шұғыл ұйымдастырылып, Маңғыстау-5 радиациялық фоны Ақтау қаласының радиациялық фонын өлшеніп салыстырылды. Фон мөлшері 0,9 бен 0,10 шамасында. Екі жақта да жоғары деңгейі анықталмады.

Экология департаменті мамандары әрі қарай тексеру үшін облыстық санитарлық-эпидемемиологиялық бақылау департаментіне хат жолдаған. Халықтың жанайқайынан кейін жергілікті әкімдік өкілдері де мәселеге көңіл аудара бастапты.  

Дастан Мұраталиев, Баянды ауылының әкімі:

- Ол жер 2010 жылы «Каспий Технолоджи» серіктестігіне перитті қалдықтарды, күйдіргілерді қайта орналастыру және қайта өңдеуге мақсатымен берілген. 170 гектар жер+ 49 жылға арендаға берілген. Жеке кәсіпкер телефонын көтермей отыр. Жер нысаналы мақсатында дұрыс пайдаланбады деп аудандық сотқа береміз және облыстық жер инспекциясына береміз. Сот шешеді.

Ал ертеңгі күні аталған базаға барғанымызда қызу жұмыс басталған. Бұл жолы техника топырақты қазбай, орнын көміп жатыр екен. 

Андрей Русиновский, учаске бастығы:

- Бұл аумақ шамамен 4-5 гектар жерді алып жатыр. Қазір көріп отырғаныңыздай, шаң болғанда ауылға ұшпас үшін су төгіп, топырақ әкеліп, орнын толтырып жатырмыз.

Ал Бесшоқы ауылының тұрғындары бұл көз бояушылық деп санайды. Сондықтан 200 шақты тұрғын карьерді жаптыру мақсатында Экология министрлігіне шағымдарын жазып, қол жинауда.

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев, Саламат Бекбаев