Наурызда берілген батаның маңызы зор – Батагөй қария

Алматы облысында Жақыпбек қажы Самылтырұлы есімді батагөй қария тұрады. Сексеннің сеңгіріне шыққан қазыналы қарт 2019 жылы «Батамен ел көгерер» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақыпбек қария жыл сайын көктем шыға көшет отырғызады. Ауласындағы қырық түп алма ағашы мен мешіт маңының абаттандырылуы соның айқын дәлелі. Ұлыстың ұлы күні Наурыз көже пісіру де отбасында мүлтіксіз орындалатын салттың бірі.  

Жақыпбек қария мен Күлдархан апаның шаңырақ көтеріп, отау құрғанына 60 жылдан асқан. Еңбегімен ел алғысына бөленген отбасы бүгінде өсіп-өнген үлкен әулетке айналып отыр. 

Күлдархан Байжұмақызы, Басши ауылының тұрғыны:

– Жыл да үйімізде жасаймыз көжемізді. Отбасымызбен тойлаймыз. 5 ұл 3 қыз тәрбиелеп өсірдік. Бәрі үйлі жайлы болып кетті. Немерелері шөберелі болдық. Наурыз кезінде бәрі келіп, тойлап, Наурыз көжелерін ішіп қайтады.

Салт-дәстүрді берік ұстанған ақсақал халқымыздың әдет ғұрыпын айтып, оның мәнін ашып, мағынасын жастарға түсіндіріп отырады. Әсіресе қазақтың бөлінбеген еншісі сынды көпшілікті қонақжайлыққа, сыйластыққа шақыратын құндылықтарды дәріптейді. Әрбір сөзін терең мағыналы мақал-мәтелдермен бастап, өлеңмен өрнектейтін қария наурыз батасының ерекшелігіне де тоқталды.  

Жақыпбек Самылтырұлы, Кербұлақ ауданның құрметті азаматы:

– Ұлыстың ұлы күні берілген бата – баталардың ең жоғарғысы. Себебі сол күні жыл кірді. Сол кірген жыл аяғына дейін берекелі болса екен. Еліміз тату-тірлікте өмір сүрсе екен деп үлкен қариялар батасын берген. Сондықтан наурызда берілген батаның маңызы зор.

Қария қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, көптеген игі істерге ұйытқы болды. Тоқырау жылдары аурухананың жабылып қалмай шағын ұжым болып сақталуына ат салысқан. Егістік алқап суарылатын тоғанды тазалап судың шаруаларға молынан жетуіне мүмкіндік жасады. Ауылдағы екі көшеге қиыршық тас төсеткізіп, жол жөндетуге ықпал еткені де ел аузында. 

Бақыт Имамбеков, ауыл әкімі:

– Бұл кісі ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Қазіргі кезде осы жастарменен ауылда шешілмей жатқан мәселелер болса, оның шешілуіне ат салысады. Ақыл-кеңесін айтып отырады.

Жақыпбек ата еліміз тәуелсіздік алған тұста ең алғашқылардың бірі болып аймақта шаруашылық құрған еңбекқор жан. Бүгінде ол кәсіпті балаларына табыстап өзі бейнетінің зейнетін көріп отыр. Өскелең ұрпаққа үлгі өнеге бола білген ақсақалдың жаратқаннан тілейтіні – ел амандығы, жұрт тыныштығы.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов